2013 жылдың 9 сәуірінде жергілікті ақын-жазушылар, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық Махмуд Қашқари атындағы байқаудың жүлдегері Төкен Әлжантегімен кездесті. Әдеби-кездесу кеш Т. Әлжантегінің 60 жылдық мерейтойына арналған.
Т. Әлжантегі "Армысың, ару күн!" (1987), "Ашық сабақ" (1991), "Жалғыздан қалған тұяқ" (1995), "Қым-қиғаш тіршілік" (2000), "Ақ-қараның арасы" (2002), "Жартастан жеткен жаңғырық", (2003), "Сегіз сері" (2006), "Сарбас ақын" (2007), "Тіріде тірнек таусылмас", "Жалғанның жанды қуыршақтары" (2007), "Ән ғұмыр" (2010) атты кітаптардың авторы.
"Періштелер жерде ғұмыр кешпейді", "Күнәһар" пьесалары Қарағанды, Атырау, т.б. облыстық театрларда сахналанған.
Кеште қазақ әдебиетінде өзіндік орыны бар, прозаның ауыр жүгін көтеріп, көркем әдебиетке өзіндік сүбелі үлесін қосып келе жатқан қабырғалы қаламгер Т. Әлжантегінің шығармашылығы жайында кеш қонақтары С. Бексейіт, М. Хасен, С. Жанысбай, Қ. Асанов өз ойларын ортаға салып, жазушыны мерейтойымен құттықтап ақ тілектерін жеткізді.
Жазушы өзінің өмірі туралы қызықты әңгіме айтумен қатар, өзінің еңбектерін де таныстырып өтті. Шығармашылығына қызығушылық танытқан студенттер жазушыға көптеген сұрақтар қойып, қызықты жауаптар алды. Сегіз қырлы, бір сырлы жазушының ән айту өнерін бар екенін білген қонақтар, мерейтой иесінен қонақ кәде сұрап, ән айтуды өтінді.
Оқырманның тілегін жерге тастай алмаған Төкен аға авторлық шығармасынан "Жаңаарқа вальсы" әнін орындап берді. Көптеген жастар осы танымал әннің сөзі мен әнінің авторы Төкен Әлжантегі екенін де осы кеште таныды.
Кеш соңында жазушы шығармаларынан ұйымдастырған "Шынайы өмір жаршысы" атты кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды.
Кездесу барысында Қ. Байжанов атындағы КБ әншілер Е. Базарбаевтың, А. Жүкенованың орындауындағы көңілге қанат бітіріп, самғататын жалын әуезді әндері оқырмандардың қызу қолдауына ие болды.