[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/news/arshabek is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.
28 наурыз күні кітапханада өлкетанушы, тарихшы-этнограф Темірғали Тілеубекұлы Аршабековтың "Мәдени мұра – асыл қазына" атты шығармашылық кеші өтті.
Т.Аршабеков "Сарыарқаның этномәдени зерттеулері" (2001-2004 жж.) бағдарламасын дайындаған авторлардың бірі. "Қарағанды облысының топонимикалық картасы" зерттеу жобасының ғылыми жетекшісі. "Қазақстан тарихы мен этнологиясының мәселелері" атты жас зерттеушілер жинағының үш басылымына жауапты редактор болды. 1992 жылдан бері Орталық Қазақстан аймағы бойынша студенттердің далалық этнографиялық экспедициясына жетекшілік етіп келеді. 2001 жылы ел тәуелсіздігінің он жылдығына байланысты облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған "Сарыарқа әлемі" экспедициясын басқарды. 2005 жылдан бастап аймақтық мәдени мұра бағдарламасы бойынша облыстық мәдениет басқармасының тапсырысымен Ұлытау-Нұра аудандарының тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу бойынша, осы аудандарға этнографиялық экспедицияның жетекшілік жасады.
"Қарқаралы күмбездері" (1997), "Жаңаарқа тарихы" (1999) "Атамекен" (2002) монографияларының, "Қасиетті-мекен Қарқаралы" (2004), "Музей және тарих" (2007), "Ұлытау-Нұра аудандарының тарихи-мәдени ескерткіштері" (2008), "Ақтау бекінісі" (2008), "Нұра ауданының тарихы" (2008), "Сарыарқа қазақтары" (2009) "Қарағанды облысы Нұра ауданының топонимикалық картасы: тарихи негіздеме" (2009) және отыздан астам ғылыми мақалалардың авторы.
Кешке тарихшы ғалымдар мен мәдениет қызметкерлері қатысты. Кеш шымылдығы айтыскер ақын, ф.ғ.к. А.Б. Жұмағұловтың орындауындағы арнау әнімен ашылды.
{gallery}material/news/arshabek{/gallery}
"Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамасымен іске асырылуда. Кеш қонақтары Қарағанды облысы бойынша "Мәдени мұра" аймақтық бағдарламасы (2007-2010) қабылданғаннан кейін бағдарламаны жүзеге асыру аясында көшпелілердің материалдық мәдениеті болып табылатын қыстаулар, қоныстар, бейіттер, құдықтар, көшпелі жолдар мен бағыттардың картографиясын, жазбасын жасау, зерттеу және талдау, облыс аумағында шаруашылық жүргізу мен табиғи-ландшафттық аймақтарды экономикалық тұрғыдан игеру түрлерін жаппай зерттеу, қазақ этносының ру-тайпалық атауларын жан-жақты зерттеу, көшпелі халықтардың, соның ішінде бірінші кезекте қазақ халқының мәдениеті мен тарихы туралы маңызды еңбектерді басып шығару бойынша кең көлемді жұмыстар жүргізілгені туралы айтты.
Кеш иесі Т.Аршабеков "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында жарық көрген мұрағаттық, тарихи материалдар, зерттеу жұмыстары, Сарыарқаның атақты тұлғаларының өмірі мен өнері туралы естеліктер туралы жинақталған кітаптар жөнінде әңгімеледі.
Шараға жиналған студенттер мен басқа да оқырман қауым ғалымға көптеген сұрақтар қойды. Қ.Байжанов атындағы КБ әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Е.Б. Базарбаевтың әуелете салған әсерлі әндері кештің сәнін келтірді. Кеш соңында Т. Аршабеков оқырмандарға қолтаңба қойылған кітаптарын таратты.
Тойбек, Ж. Тарихшының танымдық кеші // Орталық Қазақстан. - 2013. - 9 сәуір
Строкова, А. Жизнь в потоке истории // Индустриальная Караганда. - 2013. - 9 апреля