Наурыз - жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.

Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны самал желге сүйгізіп, Алатаудың төбесін көкке тигізіп, Қаратауға құт-береке үйгізіп жеткен әз Наурызды біздің кітапханамыз да биыл ерекше атап өтті.

Қашанда жақсы істің ортасынан табылатын «Жыр-Жауһар» поэзия клубы мейірім мен шапағат мерекесіне орай,  кітапхана  іргесінде  «Ауылдар аламаны»  атты топтық сайысын ұйымдастырды.

Көктемнің қоңыр самалымен бірге жеткен Наурыз мерекесі қарсаңында өткізіліп  отырған бұл шараның ерекшелігі – туған жердің топырағынан түлеп ұшқан тұлғалардың есімін халыққа кеңінен ұлықтау мақсатында, әр ауылға жерлес ақын-жазушыларымыз Тұрсын Жұмаш, Дәуітәлі Стамбеков, Дәулет Ырысбайұлы және сатирик Мартбек Тоқмырза есімдерін беріп, олардың мәңгілік мұрасын халық алдында паш ету болатын.

Мерекелік шараның ұйымдасуына ұйытқы болып, басы-қасында жүрген клуб мүшелері ұлттық мейрамымыздың  жоғары деңгейде өтуіне белсене ат салысты. Бүрмелі көйлек киіп, бедерлі алқа таққан қыздарымыз әр ауылдың дастарханын ұлттық тағамдарға толтырса, иығына шапан ілген сері жігіттеріміз үкілі домбыраны шертіп, алтыбақан басындағы байырғы ойын-сауық пен қасиетті қазақ ауылының көрінісін көрерменнің көз алдына әкелді. Бір қуанарлығы, кештегі әр қатысушының жанарынан ұлттық рух пен отансүйгіштіктің ұшқынын, нұрлы Наурызды тойлауға деген асқан құштарлықты байқадық.

Сайыс шарттары бойынша алдымен әр ауыл өзін таныстырып, есімдері елге белгілі болғанымен, ұлы мұрасы ұлықталмай жүрген арыс азаматтарымыздың аттарын тағы бір мәрте жаңғыртты. Өнер кезеңінде күміс көмей әншілер халық әні «Сары бидай», «Көк айдай», Қазтуғанның «Еділ жырын», Манарбектің «Сайра, бұлбұлын» сахна төрінде әуелете шырқаса, күйшілеріміз Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйлерін қасиетті қара домбырамен өз нақышында орындап, көрермен қошеметіне бөленді. 

Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары рухани, мәдени және адамгершілік дүниеміздегі қымбат қазыналарымыздың бірі. Сол себептен, салт-дәстүр кезеңінде ауылдар «Сырға салу», «Беташар», «Сыңсу» сынды ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаса, бірі тіпті ежелгі серілер дәстүрін жалғастырып, «Біржан сал» атты қойылыммен дүйім жұртты таң қалдырды. Жарыс жігіттердің қол күресімен қыза түсіп, қыздардың қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарды ел назарына ұсынуымен жалғасын тапты. Кеш соңында кітапхананың шашуы ретінде наурыз көже мен бауырсақ таратылып,  жиналған қауымға мерекелік астан дәм татырды.  Кеш барысында, көрермендерге салт-дәстүрге қатысты сұрақтар қойылып, белсене жауап бергендерге сыйлық үлестірілді.

«Ауылдар аламанына» әділқазы ретінде арнайы шақырылған, республикаға танымал ақындарымыз Руслан Нұрбай мен Рахат Әбдірахманов сайысты қорытындылап, топтарды марапаттады.

Топтық жарыс қорытындысы бойынша:

  • «Салт-дәстүр» номинациясын «Дәулет Ырысбайұлы» ауылы,
  • «Ән» номинациясын «Дәуітәлі Стамбеков» ауылы,
  • «Поэзия» номинациясын «Тұрсын Жұмаш» ауылы ұтып алса,

сайыстың барлық шарты бойынша оза шауып, үздік танылған «Мартбек Тоқмырза» ауылы жеңімпаз атанды. Ұлыстың ұлы мейрамына арналған аламан осылайша өз мәресіне жетіп, көрермен қауым көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың  бастауы, ырыc  пен берекенің арқауы деп бағалаған.

         Ендеше, төрлет, елімізге құт дарытатын Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыз!

На страницах газеты "Индустриальная Караганда" от 26 марта 2013 года Вы можете прочитать заметку "Состязание острословов". Представители четырех импровизированных аулов состязались в поэтическом умении, национальных играх, продемонстрировали перед гостями праздника казахские обряды и одежду, угощали блюдами национальной кухни, исполняли народные песни. Празднование Наурыз мейрамы уже стало традицией для читателей ОУНБ имени Н. В. Гоголя. 

 "Первый Карагандинский". "Наурыз Коже шоу". Эфир 22.03.2013. Смотрите в видео отчете сюжеты праздничного вечера "Ауылдар аламаны"!!