Түркі әлемінің ежелгі мейрамы - Наурыз мейрамы бүгінде елімізде  дүбірлеп өтеді. Асыға, аптыға күтетін мерекелердің төресі. Қыс бойы әлем-тапырақ мінез көрсеткен Табиғат –ана да иіп салғандай. Күннің қызуы қалың қарды еріткенімен қоймай, алғашқы көктем жаңбыры да құйып өткен. Осындай шақта біз сіздерді кітапхананың оқу залындағы Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Дәстүр жалғастығы» атты кітап көрмесіне шақырамыз.

 

 Көрменің мақсаты – тарихи тамыры тереңде жатқан Наурыз мейрамы мен қазақ халқының Наурызды тойлауы жайлы, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары туралы кеңінен мағлұмат беру.

Көрмеде алпыс екі жылдан кейін қайта жанданған Наурыз мерекесінің тарихы, түркі халықтарының Наурызды мейрамдау нұсқалары, оған қатысты ұғымдар мен рәсімдер, ғұрыптар мен нышандар жайлы әдебиеттер топтастырылған.

Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы, ғасырлар бойы сәнін де, мәнін де жетілдіре түскен, қазіргі сән киімдерімен үйлесім тапқан қазақтың ұлттық киімдерінің үлгілері жайлы да деректерді таба аласыздар. Наурызға қатысты ақын-жазушылардың, ғұлама ойшылдардың қызықты әңгіме-жырлары, тұрмыс-салт өлеңдерімен қатар халық әндері де осы көрмеден табылады. Тойшыл қазақ халқының еш мерекесі ұлттық ойындарсыз өткен емес. Әрине, көрмеден ұлттық ойындар жайлы жазылған кітаптар, этнографиялық зерттеулер орын алғаны орынды. Ұлтымыздың сан түрлі тағам түрлері, оларды даярлау тәсілдері жайлы жазылған әдебиеттер де осы көрмеде.

Атадан балаға мұра болып келе жатқан қазақ халқының қолөнер саласы керемет дүниелерімен адамзатты таң қалдырады. Кілем түрлері, кесте тігу, зергерлік бұйымдар туралы пайдалы мағлұматтар экспозицияда кеңінен қамтылған.

Құрметті халайық! Қадірменді оқырман!

Есігімізді ашқалы отырған Наурыз мерекесін өз нақышымен ұйымдастыруға, тойлауға ниет қылған барлық саналы азаматтарға есігіміз ашық.

Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын, Қайда барсақ, жол болсын!

Сексенұлы, Серік. Наурыз – ән, Наурыз – күй! / С. Сексенұлы; суреттерді Ж. Иманәліұлы // Орталық Қазақстан. - 2013. - 19 наурыз. - б. 1