Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының мерекелік шаралары аясында кітапханадағы Американдық бұрыш та қалыспай ерекше дөңгелек үстел өткізді.
Ерекшелігі неде дейсіз ғой?!
«Наурыз – көктем мерекесі» тақырыбындағы дөңгелек үстелді Америка Құрама Штатынан арнайы шақыртумен келген ҚарМТУ ұстазы Анна Турник өткізді. Қазақ елінің азаматтарына ағылшын тілінде Жаңа жыл мерекесі жайлы әңгімеледі, өзінің осы мейрамға деген көзқарасы мен пікірі қызығушылық туғызды. Біздің елге келіп еңбек етіп жатқан америка азаматшасы тек табыс үшін ғана емес, еліміздің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, ұлттық ерекшеліктері туралы білімін арттыруды көздеген. Сондықтан да осы кездесуде құрметті қонағымыз арнайы презентация жасап, әңгімесімен жастарды елітіп отырды. Ал «Наурыз – ән, наурыз күй» атты сұрақ-жауап, ұлттық «Арқан тартыс» ойындары кешті қызыққа бөлей түсті.
Шараға қатысқан оқушылар мен студенттер де шет қалмай қонағымызға қазақ тілінде «Наурыз құтты болсын!», «Ақ мол болсын!» және т.б. құттықтау сөздерін айтуға үйретіп жатты.
Кітапханашылардың жас буынға, өз елін сүюге, ұлттық салт-дәстүрді дәріптей отырып, басқа елдердің мәдениеті мен тарихын тани білу дұрыс деп көздеген мақсатты орындаған сынды.
Ал шараға арнайы ұйымдастырылған көрмедегі қазақ халқының салт-дәстүрі, зергерлік өнері жайлы әдебиеттер үлкен сұранысқа ие болды.
Қонақжай қазақ халқы осы күні де тартынып қалмады. Ақ дастархан жайып, қатысушылардың барлығына астан дәм татқызды.