2021 жылдың 20 сәуір күні кітапханамызда "Жапанға біткен бәйтерек" атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті.

Кітап қазақ күресі мен самбоның майталман бапкері, ФИЛА орденінің иегері, КСРО дене шынықтыру және спорт ісінің үздігі, халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, 20-дан астам халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 200-ден аса спорт шеберін баптаған ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диқанбай Биткөзовтің тағылымды жолына, азаматтық тұлғасына арналған. Қалың оқырманға ұсынылған құнды дүниенің авторы заң саласының қызметкері Айнұр Диханбайқызы, әдеби нұсқасын жазған Қыдырбек Рысбек. Кітап "Мағжан" баспасында көркемделіп жарыққа шықты. Кітап спорт тақырыбында жазылған сирек кітаптар қатарында.

Аталмыш шара "Сарыарқа батырлары" турнирінің және қазақ күресінің корифейі атанған Диқанбай Биткөзовтың 80 жасқа толған мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Самбо күресінен ҚР және Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі экстра-класс төреші Марат Жақыт, ҚР қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Биткөзов, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, Ә.Молдағұлова атындағы спорт колледжінің директоры, облыстық маслихаттың депутаты Ерден Халилин, Баубек Бұлқышев атындағы Қазақстан Жастар одағы және Сейдахмет Бердіқұл атындағы республикалық сыйлықтардың лауреаты Қыдырбек Рысбек, ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ғылым докторы, қазақ күресі қауымдастығының директоры Ербол Мырзабосынов, ф.ғ.д., профессор, ҚР мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанұлы қатысты.

Даңқты жерлесіміздің сан қилы өмір жолы, спорт әлеміндегі баспалдақтары, жасындай жарқылдап өнер көрсеткені, әлемдік чемпиондарды жазбай танып, жеңіс тұғырына шығаруы және автор көзқарасында әке ретіндегі, замандастарының көзқарасындағы білікті маман, сенімді дос ретіндегі тұлғасы жас ұрпаққа өнеге-үлгі болары сөзсіз.

Кітап таныстырылымы облыстық кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде оқырмандарға жол тартты.

Оқырмандар назарына даңқты спортшы жайлы кітапхана қорынан және отбасылық архивтен алынған құнды деректерден сыр шертетін кітап көрмесі ұсынылды.