Елге деген сүйіспеншіліктің, ұлтқа деген махаббаттың асқақ рухы сезілетін Қасым өлеңдерін бүгінгі ұрпақ жатқа айтып, қасиетті бойтұмарындай сақтап келе жатқанын «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты республикалық дәстүрлі Х Қасым Аманжолов оқулары тағы да дәлелдей түсті.

Биылғы дәстүрлі оқуларда 16 мен 25 жас аралығындағы жастар Қасым Аманжоловтың шығармаларын көркем шеберлікпен жатқа оқу аталымы бойынша бақтарын сынады. Байқау еліміздегі ахуалға байланысты онлайн-форматта ZOOM платформасында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жоғары дәрежеде өтті.

Жалпы байқауға республика бойынша 47 өтінім түсіп, байқаудың Ереже шарттары мен талаптарына сай 33 өтінім қабылданып, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының жастары онлайн түрде бақтарын сынады.

Игі шара экраннан «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты монолог-бейне роликтен бастау алды. Ашылу салтанатында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов құттықтау сөзін жолдап, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Биылғы жылғы қазылар алқасына ҚР президенттік және мемлекеттік стипендия иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Танакөз Толқынқызы (Нұр-Сұлтан қаласы) арнайы шақыртылды. Жалпы оқуларға Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы Серік Сағынтай (қазылар төрағасы), К.С Станиславский атындағы орыс драма театрының басшысы Дунай Еспаев, Қарқаралы ауданы, Талды ауылының жалпы білім беретін №19 орта мектебі базасындағы тірек мектебінің директоры Мақсат Оспанқұлов, өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы Сандуғаш Телпекбаева қазылық етті.

Байқау барысында үміткерлердің ақынның дауылды өлеңдері мен аудармаларын, ақынның өзге тілге аударылған (орыс, түрік, әзірбайжан, өзбек, башқұрт, қырғыз) өлеңдерін жатқа айтып, үлкен жауапкершілікпен дайындалғандарына куә болдық. Бұл Қасым жырының мәңгілік, өшпейтін өміршең екендігінін айғағы. Жастардың бойынан дауылпаз ақынға деген құрметті сезіне білдік.

Ббайқаудың жас ұрпақты рухани құндылықтарға тәрбиелейтін ерекшелігінің бірі – «QASYM» сериясымен жарық көретін жаңа кітабы.

Байқаудың қорытынды бөлімінде «Qasym» сериясының ІII кітабының ресми тұсаукесері болды.

Жаңа кітапқа Ақ жол тілеп сөз алған Е.Бөкетов атындағы ҚарУ қазақ тілі әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Саржан Тахиров пен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов жылы лебіздерін білдіріп, кітаптың тұсауын кесті.

Дауылпаз ақын рухын асқақтатып, Қасым сериясының жарық көруіне себепші болып, кітаптың басы-қасында үлкен жауапкершілікпен жүрген, қазыналы өлкенің әдеби өмірінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан жас прозашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмаз Мырзахмет жаңа туындының мазмұнымен бөлісті.

«Qasym» сериясының ІII кітабының алғы сөзін ардакүрең ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық «Жұлдыз» журналының Бас редакторы Ғалым Жайлыбай жазған.

2019 жылы өткен ІХ Қасым оқуларында «Жас дәурен» ән номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Саян Бөдесов арнайы сазды сәлеммен келіп, Қасымның «Өзім туралы» әнін орындап, шараның сәнін келтіре түсті.

Қазылар алқасының талқысынан өткен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып оза шапқан Қасымның дауылды жырларын жаттаған жеңімпаздар марапатталды.

Бас жүлде

  • Оразалиева Акзия (Теміртау қаласы)

І орын

  • Қуандық Аида  (Қарғанды қаласы)

ІІ орын

  1. Алтаева Инкар  (Қарағанды қаласы)

ІІІ орын

  1. Дәулет Айару (Алматы қаласы)
  2. Мальгаждар Аяулым (Қарағанды қаласы)

Ынталандыру сыйлығы

  1. Нұртай Ерсұлтан (Қарағанды обл., Шет ауданы, Киікті ауылы)
    2. Бақыт Альбина (БҚО, Қаратөбе ауданы, Мұхит ауылы)

Жалғасар ғұмыр ғұмырға,

Өлмейтін рухы болғасын.

Өлеңнің заңғар шыңында,

Баяғы Қасым-сол Қасым!

Дәстүрлі Қасым оқулары жылдан-жылға жалғасын тауып, Қасым рухы асқақтай береді!

Облыстық кітапхана барлық қолдаушыларға, достары мен қатысушыларға алғыс білдіреді!