«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар,

 ол - Тәуелсіз Қазақстан»

Н. Ә. Назарбаев

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың елімізді басқаруда атқарған ұлан-ғайыр істері, тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарын артта қалдырған – үлкен саясаткер болуымен қатар жан-жақты дамыған тұлға.

Елбасы – туған халқын, туған жерін, даласын жанындай сүйетін адам. Біздің Тұңғыш Президентіміз әрдайым халықпен бірге, өз халқына үлкен қамқорлық көрсетті.

Н. Ә. Назарбаев мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындап, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін лауазымды тұлға атанды.

2019 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев президенттік өкілеттілігін тоқтатуға шешім қабылдады. Бұл Елбасына оңай шешім болмағаны рас. Ел сенімін ақтау үшін күш – жігерін, денсаулығын, уақытын жұмсап, аянбай адал қызмет етті. Қажырлы қайратын, бар білімі мен күш – қуатын, тіпті бар ғұмырын өз мемлекеті мен халқына арнады. Ендігі жерде тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндеті – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету болмақ.

Елі құрмет тұтқан, Елі үшін еңбек еткен Тұңғыш Президентімізге арнап кітапханамыздың оқу залдары бөлімінде «Елбасы жолы – халық жолы» атты оқырмандарға көрме ұсынылды.

Көрмеміздің мақсаты: Тұңғыш Президентіміздің ерекше қадір-қасиетін, тұлғалық тұғырын оқырмандарға түсіндіру, Елбасының жүріп өткен өмір жолдарымен таныстыру, Елбасының ерен еңбегін, мақтаныш сезімін оқырман бойына сіңіру.

Кітап көрмесінде қалың оқырманға арналған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорынан кітапханаға сыйға тартылған әлемнің 32 тілінде жарық көрген 141 басылымының алғашқы рет библиографиялық сипаттамасы берілген каталог «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорындағы еңбектері» және «Қазақстан Республикасы Президентінің еңбектері», «Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары», «Қазақстан Республикасы Президентінің шет тілдерде жарық көрген еңбектері» қойылды. «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген Төрегелді Бекниязовтың «Тұңғыш Президент» жинағында тәуелсіз еліміз туралы ой-толғамдары мен Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа арналған көлемді туындысында замана және ұлтымыздың жарқын болашағына деген зор сеніммен жыр тербелгені көрініп тұр. «Кітап» баспасынан жарық көрген үш тілде жазылған С. Есімбайдың «Үш қоңыр - алтын бесігім» кітабынан тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың туған жері, балалық шағы, өскен ортасы, арманын қанаттандырып ұшырған ұясы, бірге оқыған сыныптас достары жайында оқи аласыздар. Қуаныш Сұлтановтың «Елбасы және Қазақ мемлекеттілігі» жинағы еліміздің жаңа дәуірдегі мемлекет құрлысы мен оның дүниежүзілік қоғамдастыққа еркін араласып, көш соңында қалмай, бәсекеге лайықты ширақ топтан көріну мақсатындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың орасан мемлекеттік қайраткерлік еңбегінің қыр-сырларын сараптауға болады. «Ана тілі» баспасынан жарық көрген Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің бейнесін сипаттаған «Елбасы» атты туындыда Елбасы туралы эсселер, ой – толғаулар, өлең – жырлар, сұхбаттар оқи аласыздар.

Елдік жолында ерлік жасаған Елбасы еңбегінің қызығын халқы көріп отыр.

Ендеше, кітап сүйер қауымды кітапхананың оқу залдары ұйымдастырған көрмеге шақырамыз!

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы А. Ж. Искакова