[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/2020/gallery/elmira_sailay_6 is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.
Әдетте Арқаға көктем кеш келетін. Үт сәулесі көрінбей, қар көбесі сөгілмей жатып алатын баяғы бірбеткей мінезі. Бірақ табиғат бұл жолы үйреншікті жолынан жаңылды. Оның мұз боп қатқан тыныштығын жүрегін қолына ұстап, облыстық кітапханаға қарай асыққан жырсүйер қауым бұзып еді.
Жаңалыққа толы «Жыр-Жауһар» поэзия клубы ағымдағы жылдың 5 наурызында «Жүректегі жыр-көктем» атты талғамы биік, таңғажайып шығармашылық кеш ұйымдастырды. Рухани шараның бас қаһарманы клубтың алғашқы қарлығаштарының бірі, нәзік поэзиясымен өз оқырманын тапқан – Эльмира Сайлауқызы.
{gallery}/material/2020/gallery/elmira_sailay_6{/gallery}
Эльмира Сайлауқызының өмірдегі де өнердегі де жолы Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен тығыз байланыста. Оның өнер өлкесіндегі тұңғыш қадамдарына, өрлеуі мен өсуіне, талғамы мен танымының кеңеюіне кітап ордасының жанынан құрылған клубтың өзіндік үлесі болды. Сан алуан шаралардың шығармашылық суретінде Эльмира Сайлауқызының нәзік бояуы бар. Поэзия кешін және кеш аясында тұңғыш жыр жинағы «Формуланың» тұсаукесер рәсімін өткізу үшін, оқырмандарымен кездесу үшін қарашаңырақ – облыстық кітапхананы таңдау мәнісі осы деп білеміз. Облысымыздың мәдениет саласында жүріп атқарған жұмыстары көзі қарақты көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Әрдайым тың бастамаларымен ерекшеленіп, талай бұлақтың көзін ашқан қайраткерлігі, көптеген игілікті істердің ұйытқысы, ұйымдастырушысы болып жүргені кеш қаһарманының жеті қырлы, бір сырлы екендігін аңдатады.
{gallery}/material/2020/gallery/elmira_sailay_2{/gallery}
«Жүректегі жыр-көктем» поэзия кешінің 8 наурыз әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңызда өтуі – шығармашыл тұлғаның нәзік жанын білдірсе, ұлт мақтанышы Әлихан Бөкейханның туған күнімен тұспа-тұс келу – жыр салмағын меңзегендей.
Жыр жәрмеңкесінің басты ерекшелігі – басынан-аяғына дейін тек ару-қыздардың ғана қатысуы, арулар әлеміндегі нәзік сезімдердің, отбасындағы әйел ролінің, азаматтық және лирикалық тақырыптағы өлеңдер оқылуында болды.
{gallery}/material/2020/gallery/elmira_sailay_3{/gallery}
Таразының бір басы – өнер, екінші басы – өмір болса, екеуін тең ұстаған абзал. Эльмира Сайлауқызы көп балалы ана, бақытты шаңырақтың ошағын жағып отырған аяулы жар. Жырларынан да «бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін» өнер адамының образы толық байқалады. Рухани шараны Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов құттықтау сөзімен ашып, ақынға ақ жол тіледі. Облыс Әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бекзат Алтынбеков кеш кейіпкерінің шығармашылық, тұлғалық болмысын ашып, елу кітабын сатып алып, облыс мектептеріне, жас ұрпақтың қолына жеткізуге сөз берді. Атымтай жомарт атанған бекзада болмысты Бекзат Алтынбековтың сөзінен қуат алған туған жер азаматтары жиырма бес кітабын сатып алып, жұртқа жеткізетінін, туған ауылындағы поэзия кешінің өтуін мойнына алатынын айтты. Кешке келген құрметті қонақтар қатарында ақынның ұстазы Бақытгүл Қойшыбекқызы, Қарағанды облысының жастар саясаты басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев, сонымен қатар Қайрат Асқаров, Нұрлан Әбілдин, Сандуғаш Хасенова, Айнұр Жаппарқұлова сынды ақын-жазушылар, Астанадан арнайы келген қоғам белсендісі Ернат Қашқынов болды. Барлығы ақжарма тілек айтып, ақзере кештің көркін келтірді.
Жыр мен гүлге, ән мен әуенге бөленген кеш сыйқыры кітапханаға сыймай, Қарағанды көшелеріне көктем келгенін хабарлағандай тасып жатты.