Елбасы Жарлығымен бекітілген бұл мерекені осымен бесінші мәрте атап өткелі отырмыз. Ізгі ниетке толы болса және ұлт біткенді ұйыстыра алса, оны нағыз халықтық мереке деу орынды.
Қазақстан қашаннан да ұлттар достығының алтын бесігі саналады. Айрандай ұйыған татулық пен берекенің ұйтқысы бола білді. Тағдырдың түрлі сынағын бастан кешкен халықтар жан-жақтан ағылып келгенде, бауырмалдық танытып, барша жұрттың баласына құшағын кең ашты. Олар қазақ даласында өсіп-өркендеп, кеңге құшақ жайды. Біздің қоғамда ұлтына, наным-сеніміне қарамастан, адамдар бір-біріне құрметпен қарайды. Олардың барлығын бір нәрсе біріктіреді. Бұл – тату-тәтті өмір сүруге деген құлшыныс, Ол үшін бізге сыйластық пен төзімділік ауадай қажет. Алғыс айту күнінің ең негізгі мақсаты да осы.
Халықтардың бірлігін сақтап, достығын нығайтуда Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халықтары Ассамблеясының да алатын орны ерекше. Ассамблея көптеген дәстүрлер мен мәдениетті бір арнаға тоғыстырды.
Осы айтулы мереке қарсаңында оқу залдары бөлімінде «Біз бірлігімізбен мықтымыз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесінің мақсаты - Өз бірлігімізді, бірегейлігімізді сезіну, этностардың бір-біріне деген мейірімін, сыйластығын, тұтастығын одан әрі нығайту.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы» мен «Н. Назарбаев – этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы» атты кітаптар көрме төрінен орын алды. «Қазақстан халқы» және «Қазақстан» атты энциклопедиялар көпэтносты қоғамның қалыптасуы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы мен дамуы жайлы, жалпыұлттық бірліктің дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы деректер береді. «Ортақ үйімізде татулық пен келісім болсын» кітабы қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту жайлы ой толғайды. Ж.Ж. Молдабековтың «Мәңгілік Ел» еңбегі қазақстандық дамудың стратегиялық бағдарына, әлеуметтік және рухани жаңғырудың тартымды ықпалына арналған.
Е. Шаймерденұлының «Мәңгілік мұрат» атты еңбегі ой қазына, қанатты ойлар жинақталған кітап. Г. Ерахметтің «Наурыз айы туғанда» жыр жинағында ақын қыз өмірге деген ессіз құштарлық, туып–өскен елге , жерге деген махаббатты жырлайды.
Сондай-ақ, баспасөз беттерінде жарық көрген риясыз таза көңілден шыққан алғыстар легінде де шек жоқ. «Егемен Қазақстан» газетінің 2019 жылғы 1 наурызда жарық көрген Князь Мирзоевтың «Рахмет саған, Ұлы Дала елі!» атты мақаласы тарихын тірілтіп, ұлттық құндылықтарын сақтауға мүмкіндік жасаған қазақ еліне, Елена Максютаның «Алғысым шексіз» атты мақаласы барша Қазақстан халқына, осында тұратын күллі азаматтарға бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқаны үшін алғыстарын білдіруге арналған.
Нағыз алғыс - жылы жүректен, риясыз көңілден шығатын әсем сезім. Ортақ Отанымызды мекендеген түрлі этнос өкілдері бұл күні қасиетті қазақ даласына, бауырмал қазақ халқына ризашылықтарын білдіреді.
- «Рахмет саған, Ұлы Дала елі!» - дейді олар шын көңілден.
Халықтардың достығын сақтап, бірлігін нығайтуда атқарылып жатқан ерен істер жайлы білгіңіз келсе, кітап көрмесімен танысыңыз!
Оқу залдары бөлімі кітапханашы К. Айтбаева