Айбынды Алтын Орда
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері - түп қазығы, айбыны,
Туған тілі - мәңгі өнеге айдыны,
Жан байлығы, салт-дәстүрі -тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы
-деп жыр шайыры Мұхтар Шаханов қаламына қосқандай иә, тарихты білмей, қазақты тану мүмкін емес.
Биыл Ұлық ұлыс – айбынды Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл датаны мерекелеу аясында бірқатар жұмыстар жасалуын атап өткен еді.
Осы айтулы мерейтой аясында ақпан айының 24-ші жұлдызында кітапханамызда бүгінгі ұрпаққа тарих шежіресінен сыр шерту мақсатында «Тарихпен кездесу» атты танымдық сағаты өтті.
Негізгі мақсат – туған өлкеміздің тарихын зерделей отырып, даму тарихымыздың нағыз шындығын білуге жастардың ықыласын арттырып, білімін жетілдіруге, қосымша ізденіп, бағыт-бағдар беруге бағыттау. Алтын Ордадан бастау алған қазақ хандығының тарихын жас ұрпаққа үйрету.
Шарамыздың құрметті қонағы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті Инновациялық технологиялар колледжінің тарих пәнінің оқытушысы, бірнеше тарихи оқулықтардың авторы, біздің тұрақты оқырманымыз Несипов Рахат Рысбекұлы «Қазақ жерінде құрылған Алтын Орда» атты дәріс оқып, танымдық шараның тәрбиелік мәні зор екендігіне тоқталып, осындай рухани шаралардың көп болуын тілге тиек етті.
Қазақтың күйшілік өнеріндегі ең бір көне күйлердің бірі халық күйі «Ақсақ құлан» болып есептеледі. Бұл күйдің шығу тарихы қазақтың төл аспабы домбырамен байланысты. Бізге жеткен, осы күнде айтылып , әртүрлі басылымдарда жарияланып жүрген бұл күйдің аңызы бойынша ертеректе домбыра үш ішекті, көмей тесігі, болмаған деп жазылып келеді. Күйші Кербұқа ханның алдында күй тартқанда домбыраның үнінен «балаң өлді, Жошы хан» деген сөздер естілді деп келтіреді. Инновациялық технологиялар колледжінің студенттері осы күйден тарихи көрініс қойып, өткен күнге шолу жасап өтті.
Мың бұралған биші қыздарымыз да ұлттық би билеп, тарихи маңызы бар іс-шараның сәнін келтіре түсті.
Танымдық сағат барысында көпшілік назарына кітапхана қорында бар кітаптар мен мерзімді басылымдардан құралған «Айбынды Алтын Орда» атты кітап көрмесі де ұсынылды.
Ал, Қарағанды көлік жасау колледжінің студенті Яков Шац «Мен қазақпын» атты патриоттық әнімен көрермендер қошеметіне бөленді.
Шараға қатысқан әр оқырман өзіне тағылымы мол рухани азық алып, тарих тамырынан сусындап қайтты. Кеш соңында қатысушыларға алғыс хат табысталды.
Абонемент бөлімінің сектор басшысы Құдайберген А.