Ақындық дегеніміз... – әрбір, әлдебіреудің о деп, бұ деп мақтау да, жәдігөйлік мүләйімсу мен көлгірсу де емес, - ол адам өмірінің өзегіндегі ақындық ардың үні, жан дүние тынысы. Ақын орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде. Ондай орын әсіресе биікте көп. Жазушы деген сөз қалаушысы, сөз кестешісі, сөз зергері, зергері болғанда жәй ғана зергер емес, сөз арқылы адамның жан дүниесін, сана-сезімін тәрбиелейтін зергер. Сондықтан да ол «адам жанының инженері». Жазушының бір ғана ұстазы бар – ол оқырман.
Оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір болып келе жатқан кітапханамыз Сіздердің назарларыңызға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, публицист, аудармашы Сәбит Бексейітовтың 70 жылдығына арналған кітап көрмесін ұсынады.
Сәбит ақын тірі болса, бүгін 20 ақпан күні Қарағандысында, сыршыл өлеңінде тұнып қалған балалық-жастық дәуренін өткізген Жаңаарқасында 70 жылдығын тойлатып та жатар ма еді?
Біз бүгін сан қырлы қаламгер Сәбит Қыдырбайұлының жүрекжарды шығармаларын өз оқырмандарымызға ұсынуды жөн көрдік.
Сәбит Бексейітов Алаштың дарынды әрі жаңашыл ақыны ретінде танымал. Алғашқы өлеңдері өткен ғасырдың 70–ші жылдары жергілікті басылымдарда, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Жалын» алманахында басылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен шыққан 100 томдық «Сарыарқа кітапханасы» сериясы редакциялық алқасының мүшесі болып, 11 томын дайындады.
Көрмеге ақынның «Ғасыркешу», «Күннің шалқуы», «Келешек – керемет», «Ғасырластарым», «Астана уақыты», «Назым – насыр», «Дүрия – дүние», «Шер мен зер», «Ел мен ер», «Ел үмітін ер ақтар», т.б. поэзиялық, прозалық жинақтары қойылды. Сонымен қатар Сәбит Бексейітов жайлы жазылған мақалалар мен ой – толғамдарда осы көрмеден оқи аласыздар.
Сәбит Бексейіт – аудармашы. Елбасының «Елім менің» атты жүрекжарды жырын 1997 жылы республикада тұңғыш рет орыс тіліне аударды. Одан бөлек, А.Плещевтің, А.Вознесенскийдің бірнеше шығармаларын қазақ тіліне, Ұлықбек Есдәулеттің бір топ өлеңін, Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемін орыс тіліне тәржімалады.
Ақынның өлеңдері мен толғауларынан құралған «Шер мен зер» -толқытқан шерін жүрекжарды жыр жолдарымен зерлеген, үнемі ізденіс үстіндегі ақынның тың ойы мен соны сезімінен түзілген бітімі бөлек, шешімі тосын дүние.
Құрметті оқырмандар! Сіздерді кітапханамыздың өлкетану әдебиеті бөліміндеұйымдастырылған «Қаламды малып жаздым мен, жүректің ыстық қанына» атты кітап көрмесімен танысуға шақырамыз!