2020 жыл – Қазақ ойшылы, кемеңгер ақын, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл! Осыған орай кеншілер қаласындағы рухани ордамыз Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы да мерейтой аясында бір шама іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
Биыл аталып өтетін қазақ ақыны, философ, композитор, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына байланысты «Абай – қазақ руханиятының қазынасы» атты иллюстративті-кітап көрмесін Сіздердің назарларыңызға ұсынамыз. Бұл көрме ұлы ақының өмір жолы мен шығармалары, дүниетанымы мен баға жетпес мұрасымен таныстыратын 5 бөлімнен тұрады. «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан», «Абай елі», «Абай әуендері», «Абай және Сарыарқа», «Абайдың әдеби ортасы» атты бөлімдерде ұлы Абай тек қазақ халқының ғана ақыны емес, әлемдік әдебиетке ортақ тұлға ретінде көрсетілген әдебиеттермен танысасыздар.
Аталмыш көрмеде біздің өлкемізге байланысты «Абай және Сарыарқа» бөліміне ерекше назар аударамыз. Атап айтсақ, ұлттық руханият әлеміне сілкініс әкелген Абайдың Қарқаралы қаласындағы әкесі Құнанбай қажы салдырған мешітінен басқа тағы бір құнды жәдігер – ол Абай дәм татқан атақты көпес Х.Бекметовтің «Көктөбелі үйі». Қасиетті Сарыарқа топырағы – небір таланттар мен дүлдүлдерді, жезтаңдай, күміс көмей әншілерді, от ауызды, орақ тілді шешендер мен әдебиет майталмандарын, қалың ел бірлігінің туын көтерген қоғам қайраткерлерін дүниеге әкелген қасиетті топырақ. М. Әуезов «Абай жолы» эпопеясында Абайдың Қарқаралыға келіп, мәртебесі өсіп, жақсы-жаманды көріп, талай ғибрат көргенін баяндайды. Абайдың азаматтығы мен ақындық толғамының толысуына осы өңірде өмір сүрген Әсет, Кемпірбай, Шөже, Төлеу, Нарманбет сынды жыраулардың әсер-ықпалы көп болғаны мәлім. Қарқаралы-Қу өңіріндегі халық жыраулары ауыз әдебиетінің інжу-маржандарынан Абайдан үлгі-тәлім алғаны сөзсіз. Басқаны айтпағанда, Абай өлеңдеріндегі сатиралық уыт, ащы мысқылдың нәр алған бір бұлағы — оның нағашылары, Қу шаншарларының арасынан шыққан атақты шешендер Қонтай, Тонтайдың тап басар тапқыр, орамдарынан бастау алғандығы.
Сонымен қоса, Қарағанды облысында Абайдың құрметіне Абай қаласы, Саран қаласындағы гумманитарлық – техникалық колледжі, облыстық Абай атындағы балалар кітапханасы, қаламыздың ортасында Абайға арналған еңселі ескерткіш пен қоса Қарқаралы қаласындағы Құнанбай қажы мен бала Абайдың мүсіні шын мәнінде Сарыарқа жерінің ұлы ақының Абай әлемінің дәуірін бедерлі бейнелеп тұр. Тағы бір жағымды жаңалық, жыл басында қаламыздағы Ленин көшесі халықтың қалауымен Абай Құнанбайұлы көшесімен аталды. Жалпы арқа жері Қажы Құнанбай мен дана Абайдан бастап, Алаш арыстары мен ұлтымыздың небір қайраткер тұлғаларының ізі сайрап жатқан киелі мекен. Сарыарқа - осындай қасиетімен құнды.
«Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге»-деп, ұлы ғұлама ойшыл Абай атамыз айтқандай ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтқандай Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет өнегесі XXI ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді.
Соңдықтан, құрметті оқырман Абай жылы Абайды жаңғыртайық, кітап оқып рухани бай болайық!