Тәуелсіздік баршаның арман – мұратын бір арнаға тоғыстыратын құндылық, елдік мүдде жолында тәу етер киелі ұғым. Ширек ғасыр ішінде Қазақ елі Тәуелсіз мемлекетін қалыптастырып, күрделі кезеңнің түрлі сын – өткелдерінен өтті.
Егемендікке жетудің қиян кескі жолы, тауқыметті тарихы бар. Ал сол тәуелсіздікті сақтай отырып, Мәңгілік елге айналу да бүгінгі күннің айқын мақсаты.
Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Өйткені біз Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық.
Ең басты құндылығымыз «Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай оқу залдары бөлімінде «Тәуелсіз елім - Қазақстан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мақсаты - ата – бабамыз аңсаған Тәуелсіздік тарихына тоқтала отырып, қиын да сындарлы даму жолы жайлы әңгімелеу.
Көрмеде басты назарда Қазақстан Республикасының Конституциясы.
Б.Аяғанның құрастыруымен шыққан «Н.Ә.Назарбаев - Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы» атты еңбегінде ҚР Тұңғыш Президенті Мұражай мұрағатының материалдары пайдаланылған. Елбасының «Қазақстан жолы», «Тәуелсіздік белестері» еңбектері Қазақстанның қазіргі тарихының аса күрделі де жарқын сәттерін баяндайды. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен ұлы өзгерістер жолы жан – жақты қамтылған тұңғыш кітабы «Мәңгілік ел Ғасырға бергісіз жылдар» деп аталады. Мемлекетіміздің президенті Қасымжомарт Тоқаевтың «Беласу» деп аталатын туындысы Тәуелсіз Қазақстанның ішкі саясаты, бұл жолда Елбасының атқарған қыруар еңбектері жайлы сыр шертеді. Ал «Под стягом независимости» деген еңбегі Егемен мемлекет ретінде халықаралық аренадағы сыртқы саясатты жүргізу жолына бағышталған. Аталған монографияда құжаттық материалдардың бай қоры жинақталған.
Халықтың тарихы - мемлекет тарихымен бірге дамиды. Қазақстан Республикасының әлеуметтік - экономикалық дамуының он алты жылғы тарихына деген қызығушылықты оятатын туынды «Тәуелсіздік шежіресі» деп аталады. 3 кітаптан тұратын туынды - тәуелсіз мемлекеттің мұрасын қадір тұтуға, Елбасына деген құрмет сезімін, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімінің тууына әсер ететін кітап. Б.Кәрібаевтың «Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары» атты еңбегінде осы күнге сан ғасыр бойы армандап жеткен еліміздің өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу жолы жайлы маңызды оқиғалар айтылады. «Тәуелсіздік тынысы» көрнекті журналист – жазушы М.Тоқашбаевтың Қазақстан тәуелсіздігіне арналған публицистикалық еңбектерінің жинағы. Қазақстан тәуелсіздігін нығайту жолында Елбасы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегіне лайықты баға беріледі.
Сондай –ақ, көрме мазмұны баспа беттеріндегі материалдармен де толыға түскен. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінің 13 желтоқсан 2018 жылғы санында жарық көрген Ж.Базардың «Мәртебеміз - биік, тұғырымыз - берік» мақаласы осынау жылдар ішінде отанымыздың татулық пен келісімді басты ұстаным еткен сындарлы саясаттың арқасында ынтымақ бірлігі жарасқан қуатты елге айналғандығын тілге тиек еткен. «AIQYN» газетінің 15 желтоқсан 2018 жылғы санындағы Н.Жүсіптің «Тәуелсіздік тәтті сый» атты мақаласы, «QAZAQSTAN ZAMANY» газетінің 10 желтоқсан 2018 жылдың санында жарық көрген А.Қонарбаевтың «Тыныштықтың тұғырында - Мәңгілік» атты өлең шумақтарында Ұлы дала жерінде, Тәуелсіз қазақ елінде, Егемен ел болған халқымыздың бірлігі мен өркендеуі арқау болған.
Бас - аяғы 28 жылдың ішінде татулық пен тұрақтылықтың, ынтымақпен ырыстың ұясына айналдық. Тарихымыз тереңге тартты. Бұның бәрі Тәуелсіздіктің тәтті сыйы.
Ендеше, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік те берік болсын!
Құрметті оқырман, қоғамдағы бірлік пен келісім, жетістіктер жайлы білгіңіз келсе, оқу залдары бөліміндегі кітап көрмесімен танысыңыз!