Тәуелсіздік алған тарихи кезеңге Қазақстан сарабдал, әрі көреген саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қадам басты.
Бүгінде Қазақстан әлемге ашық сыртқы саясаты бар іргелі мемлекет ретінде танылды. Бодандықтан бостандыққа қадам басқан жаңа мемлекеттің күрделі кезеңінде Елбасы ертеңі мен болашағы үшін ұлттық мемлекеттің мызғымас негізін қалап, ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың баянды болуы мақсатында тың жол – Қазақстандық жолды қалыптастырды.
Бұл жол көптеген қиындықпен күресу, жаһанда өзін мойындату жолдары болды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан мемлекетінің қалыптасу мен дамуындағы еңбегімен таныстыру, саралау мақсатында 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында оқу залдары бөлімінде «Әлемдік деңгейдегі саясаткер» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қызмет хроникасы 1991 – 1991 жылдар» кітабы басты назарда. Кітапта 1990-1991 жылдары елімізде және шетелдерде Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілген басты іс – шаралар жайында баяндалады. «Әлем Қазақстан туралы. Президент туралы» көптомдық жас мемлекеттің өміріндегі ұлы өзгерістерді, ұлтты қайта өрлетудегі Елбасының еңбегін баяндайды. «Елбасы жолдады –халқы қолдады» кітабында Н.Назарбаевтың мемлекетіміздің әлеуметтік экономикалық және саяси беріктігі мен халықаралық беделін арттыруға арналған, тарихи, дәстүрлі жолдаулары енгізілген. Н.Онжановтың «Бітімгер Дипломат жазбалары» деп аталатын туындысы Елбасының Украинаның оңтүстік шығысындағы бітімге әкелген белсенді қызметі жайлы ой толғайды. Елбасының өмірі мен қызметін ресми баяндайтын кітап «Нұрсұлтан Назарбаев Өмірбаян» деп аталады. Тарихи - ғұмырнамалық тәжірибесі іспетті бұл кітапта қарапайым ауылдағы жасөспірім кезінен бастап, ұлт көшбасшысына дейінгі өмір жолы баяндалады. Ауқымды мұрағат материалдарының негізінде әзірленген кітап. А.Сәулебектегінің «Құрыш тұлға» деп аталатын тарихи танымдық туындысы. Елбасының Теміртау мен Қарағандыда өткен жиырма жыл өмірін әсерлі көрсете отырып, құрыш тұлғаның Арқа төсінде өткізген жалынды жастық шағын мұрағаттарда сақталған құжаттармен сөйлете білген. Көрме мазмұнын ерекше толықтырып тұрған туындылар Елбасының өз шығармалары деп атап айтуға болады.
«Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы», «Еуразия жүрегінде», «Тәуелсіздік белестері», «Ғаламдық қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» атты еңбектері. Сұңғыла саясаткер Н.Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіздіктің қиын жылдарын артта қалдырып, бүгінде қарышты даму жолына түскен еліміздің нұрлы жолы жайлы сыр шертеді.
Сонымен қатар көрмеден мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалаларды да көруге болады. Еліміздің басты газеті «Егемен Қазақстан» газетінің 2019 жылдың маусым айындағы санында жарық көрген Э.Насировтың «Нұрсұлтан Назарбаев – дәуір тудырған тұлға» атты мақаласы Елбасының барша ғаламдық ауқымды бейбітшіліктің нығаюына өлшеусіз үлес қосқан саясаткер екендігін атап айтады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындап, Тәуелсіздікке қол жеткізді. Тарихи сәтте - оң шешімдер қабылдап, халықтың өмірін өзгертуде маңызды қадамдар жасады.
Сондықтан бүгінгі өсіп - өркендеген Қазақстан - Елбасы еңбегінің нәтижесі.
Құрметті оқырман, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы жайлы білгіңіз келсе, кітап көрмесімен танысыңыз!
Оқу залдары бөлімі кітапханашы К. Айтбаева