Елімізде 2007 жылдан басталған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы бүгінгі күнге дейін өз жалғасын табуда. Н.В. Гоголь атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкерлері қаламыздағы бірнеше оқу орындарына барып, студенттермен жүздесіп қайтты.
Негізгі мақсат – жастардың қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншіліктерін арттыра отырып, патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеу. Ана тілге құрметпен қарауға шақыра отырып, оқу мәдениетін қолдау және дамыту болып табылады. Биылғы жылы жалпы оқуға Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы мен Әбділда Тәжібаевтың өлеңдері таңдап алынды.
Аталмыш акция аясында кітапхана қызметкерлері гуманитарлық колледжінде «Әбділда мен Әбішті білеміз бе?» атты танымдық сағат өтті.
Аталмыш шараның мақсаты – Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы мен Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерін оқу және насихаттау, колледж студенттеріне қаламгерлердің мұраларын ұсына отырып, кітапханаға деген қызығушылықтарын арттыру.
Шара барысында кітапхана қызметкерлері сыршыл ақын Әбділда Тәжібаев пен халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, екі феномен жайлы жан-жақты ақпарат берді.
Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы – ұлттық танымның жиынтығы.
Ал, Сырда туып өскен Әбділда Тәжібаев – туған әдебиетіміздің ірі тұлғаларының бірі. Әбділда Тәжібаев «Күй атасы», «Ақын», «Портреттер» аталатын дастандар жазумен бірге, лирикалық поэмалардың қазақ әдебиетінде озық үлгілерін қалыптастыруға да үлкен үлес қосты. Әдебиетті зерттеумен де айналысты. Балалар тақырыбына да қалам тартты.
Шарада қаламгерлердің ғұмырынан сыр шертетін презентация көрсетіліп, кітапхана қорындағы әдебиеттер көрме арқылы тыңдаушылар назарына ұсынылды. Колледж студенттері Әбіш Кекілбаевтың романы арқылы ертеде естіген аңыз-әңгімелерін еске түсірді. Сонымен қатар, жазушының көрмедегі «Үркер», «Шыңырау», «Елең-алаң» шығармаларына да қызығушылықтарын танытты. Сыршыл ақын Әбділда Тәжібаевтың өлеңдері – жас жүректердің қылын шерте білді. Соның дәлелі – аталмыш колледждің студенті Ардақ Нұрхановтың «Әбділдаға» атты Мұқағалидың өлеңін мәнерлеп оқуы болды. Сонымен бірге, колледждің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Салтанат Мейрамқызы танымдық шараның тәрбиелік мәні зор екендігіне тоқталып, осындай рухани шаралардың көп болуын тілге тиек етті.
Шара соңында студенттер өз ойларымен бөлісіп, естелік фотоға түсті.
Баршаңызды осы кітаптарды оқуға шақырамыз!