Қалың елім, қазағым, қайран жұртым деп жырлап, ел қамын жеп өткен қазақтың пір тұтар ақыны Абай Құананбайұлының 175 жылдығын мерекелеу қарсаңында, оқу залдары бөлімінде «Абай сөзі – халықтың даналығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты: Абай шығармашылығын оқырмандар жүрегіне терең бойлатып, ақынды танып білуге, сөз патшасы – өлең құдіретінің асыл сөз маржандарын бойларына сіңіруге, ой-қиялдарын поэзия әлеміне жетелеу арқылы нақыл сөздерінен ғибрат алуға үндеу.

Көзі қырақты, көңілі ояу, сезімі сергек поэзия мен прозаға толы оқырманды Абаймен қайта қауыштыру қасиетті де, қастерлі іс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Азия қаламгерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде «Абай шығармаларыадамзатқа ортақ рухани жауһарлар» деп, төл әдебиетіміздің асқар шыңға шығуы ұлы ойшыл Абайдың даналық болмысымен тығыз байланысты екендігін баяндаған болатын. Абай қазақтың бас ақыны, ойшыл, философ, аудармашы, композитор, ғұлама ғалым, кемеңгер тұлға. Көрмеге Абай шығармалары мен мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар қойылды.

Атап айтатын болсақ: Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен шығарылған «Абай тілі сөздігі»,

З.Ахметовтың «Абайдың ақындық әлемі», Г.Апееваның «Абайдың ақындық дәстүрі және Шәкәрім поэмалары».

Әрине, көрмеміздің басты жауһарлары М.Әуезовтің «Абай жолы» еңбегі мен Абайдың ғибратқа толы үш тілдегі нақыл сөздері «Қарасөз. Книга слов. Вook of words» көрмеміздің мазмұнын ашады. Д.Досжанның «Абайдың рухы» ғұмырнамалық ойтолғаулармен, «Егемен Қазақстан» газетінде басылып шыққан Н.Жұмабайдың «Қарқаралыдағы Абай жолы» атты мақаласы ақын туралы өзіндік мәліметтерді паш етеді. Халық мүддесі үшін күресуге бел байлап, елді, жастарды адал еңбек етуге, өнер үйренуге, білім – ғылым жолына түсуге мақсат етіп қойған Абай жырлары кез – келген адамға қанат бітірері даусыз.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол, дегендей Абай жырлары тәрбиелік мәні бар оқырманға ой салатын жыр жауһарлары әдебиетімізге жаңа бағыт, жаңа сарын әкелді.

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар, жалмауыз,

Сорлы қазақ сол үшін

Алты бақан ала ауыз.

Ұлы ақынды заман тудырады дегендей, Абайдың кез – келген шығармасында сол заманның шындығын, сан алуан өмір құбылыстарының бет – бейнесін айқын көре аламыз. Абайдың 45 қара сөзінен ғибрат алып, жан сарайымыздың шөлін қандырып, Абай жырлары арқылы дертімізге шипа, шөлдегенге сусын, білім мен ғылым жолында ізденіс, адал еңбек, ар мен адамдық алдындағы биік шыңға талпынудың кілтіне қол жеткіземіз.

Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні демекші, құрметті оқырман, «Абай сөзі – халықтың даналығы» атты кітап көрмемізбен танысып, рухани азығыңызды алыңыз.

«Өшпейтұғын артында із қалдырған» Абаймен біз мақтанамыз.

 

Оқу залының кітапханашысы: Жаркеева Г.А.