Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегінде халыққа тұңғыш Жолдауын жариялады. Дүйім ел болып тыңдаған Жолдаудың жалпы мазмұны көзі қарақты оқырманға аян. Ортақ іске үлес қосқанды жөн санап кітапхана шаңырағында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына Жолдауы» атты кітап көрмесі оқу залының төрінен орын алды. Бүгінде Қазақстан көк байрағы желбіреген, қазына байлығын пайдалана білетін, ұрпақтарына ұлттық тәлім-тәрбие берген егемен ел. Аз уақыт ішінде экономикасы, мәдениеті өркендеген Азиялық айбынды мемлекетке, Елбасының саясаты нәтижесінде сан ұлттың достығы жарасқан елге айналды.
Жолдау - бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін шешу жолдарын нақтылап берді. Азаматтық қоғамды жандандырып, әрбір қазақстандықтың ертеңіне деген сенімін нығайтты. Бұл Жолдауды бағдарламалық құжат деп атауға болады. Өйткені, Жолдау одан әрі әлеуметтік, экономикалық дамудың жолдарын көрсетіп отыр.
Кітап көрмесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы басты назарда. «Беласу» деп аталатын дипломатиялық очерктер жинағында мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуына терең қызғылықты талдау жасайды. Автор халықаралық терроризм тәрізді күрделі мәселелерді де назардан тыс қалдырмайды. Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050» «Қоғамдық саяси және әлеуметтік даму» атты монографиялық 2 кітабы көрме мазмұнын толықтыра түседі. «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй – коммуналдық шаруашылықты реформалаудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел нысанында «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің кеңейтілген отырысының мәліметтерімен таныса отырып, тиімді шешімдерді қолдануды талқылаудың жолдарын біле аласыздар. Жолдауда мемлекет басшысы ел өміріндегі елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашатындығына сенім білдіре отырып, келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға тоқталды. Келер жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтетініміз жайлы айтып өтті. Осы орайда көрмеде Әбу Насыр әл–Фарабидің таңдамалы трактаттары, «Логика», «Метафизика», «Ғылым» кітаптары оқырман назарына ұсынылды. Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» кітабы мен «Алтын Орда Х – ХV ғасырлар» атты кітаптар төл тарихымыз бен мәдениетімізді паш ететін туындылар деп атап айтуға болады. Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» мен «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен шыққан «Абай» туындысына ойшылдың кемеңгер тұлғасы мен ақындық таланты туралы мақалалар еніп отыр.
Құрметті оқырман, Жолдаудың басым бағыттары туралы егжей – тегжейлі білгіңіз келсе, оқу залдары бөліміндегі кітап көрмесімен танысыңыз.
Бақуатты ел – қуатты мемлекет. Еліміздің болашағы жарқын, аспаны ашық болғай!
Оқу залдары бөлімі кітапханашы К. Айтбаева.