«Дәулет есіктен, ақыл бесіктен» кіреді демекші, білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отанды сүю отбасында берілген тәрбиеге тікелей байланысты. Отбасы дегеніміз – шағын мемлекет. Отбасының іргетасы қаланған күннен бастап, Отан алдындағы жауапкершілік сезімің санада қалыптастырған дұрыс. Жақсылық пен жамандық, мейірім мен зұлымдық, адам бойындағы құнды қасиеттердің қалыптасатын ортасы – отбасы ошақ қасы. Қазақстан Республикасының Президентінің 2013 жылғы 1 наурыздағы №511 жарлығы бойынша қыркүйектің екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып бекітілді. Бірінші кезекте, Отбасы күнін Қазақстанда мерекелеу неке мен отбасы институтын, сонымен қатар қоғамда имандылықты және руханилықты нығайтуға негізделген.

Осы орайда кітапхананың оқу залында «Берік отбасы –мемлекеттің тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты: Отбасы құндылығы туралы түсініктерді, отбасы туралы ұғымдарды кеңейту, оны сүйе білуге, қастерлей білуге үйрету. Қазіргі таңда жарыққа шығып жатқан ғылыми мақалалар мен әдебиеттерді оқырмандарға таныстыру. Кітап көрмесіне кітапхана қорындағы отбасына байланысты әдебиеттер мен мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар қойылды.

Атап айтқанда: Г.Соловьеваның «Қазақстан отбасы қоғамның негізгі құндылығы ретінде: жағдайы және даму үрдістері», К.Жақыповтың «Баланы семьяда тәрбиелеу», Ф.Бизақованың «Отбасы дағдарыс психологиясы», Ә.Қалиевтың «Ақ бесік алтын босаға», К.Елшібаеваның «Сезім. Отбасы. Энергетика» атты кітаптар көрменің мазмұнын толықтырды. Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауында әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінде «Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру» басты назарда екені айтылған болатын. Баланың тұлға болып қалыптасатын ортасы отбасы болғандықтан үлкен жауапкершілік сезімін арқалаған жөн. Қазақ халқы байырғы заманнан бастап, отбасы деген ұғымды қадірлеп, жүрек пен сезіне,отбасында ұлттық құндылықтарды дәріптей білген. Оның бір қыры ата мен әже ұлағатты сөздері, әке мен шешенің мейірімі мен қатаң талаптары қазақ балаларының тоқсан ауыз сөзге тоқтай білуі, отбасының салт-дәстүрімен қазақы ырым мен тыйымдарды ескере жүріп, жанұя құндылығын сақтауға жан – жақты үлестерін қосқандығын айшықтайды.

Құрметті оқырман, отанымыздың алдындағы жауапкершілік сезімнің отбасында қалыптасуына өзіндік үлес қосып, отбасы құндылықтары туралы ақпаратты толықтырғыңыз келсе, кітап көрмесімен танысыңыз.

Тәуелсіз еліміздің болашағы биік, отбасыларыңыздың іргетасы мықты болсын.

Оқу залының кітапханашысы: Жаркеева Г.А.