Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді
ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
Бауыржан Момышұлы
Тәуелсіз елдің жас ұрпағын парасатты, білімді, іскер, қабілетті, ұлтжанды етіп қалыптастыруда мемлекеттік тіліміздің атқаратын қызметі өте жоғары. Сондықтан да туған еліміздің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Өйткені, тіл – ата - бабамыздан бізге қалған аманат. Ата - баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру мына баршамыздың міндетіміз, парызымыз. Елінің болашағын ойлаған, тілге құрметпен қарайтын Облыстық Н. В. Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының оқу залында тілдер күніне арналған "Тіл – мемлекеттің негізі" атты кітап көрмесі безендірілді. Кітап көрмесінде қазақ тілін танымдық, қолданыстық тұрғыдан зерттеп, грамматикалық даму ерекшелігін орфографияда ескерудің, емлені жетілдірудің амал – тәсілдері сөз болып, ана тілін ардақтайтын көпшілік қауымға ұсынылған С. Бизақовтың "Қазақ тілі қандай тіл?", Ш. Сарыбаевтың "Тіл ғұмыр", К. Қайыржанның "Сөз – сандық", "ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер" атты еңбектері қойылды.
Мемлекеттік тіл тағдырына қатысты тіл жанашырларының мақалаларын "Тіл", "Туған тіл", "Қазақ тілі мектепте, колледжде және ЖОО-да оқыту", "Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл" мерзімді басылымдар беттеріненоқи аласыздар.
Біздің мақсатымыз әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстап,тілімізді сақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды қазақ тілінде таза жеткізу, ардақтап құрметтеу. Болашақ жастар тіліміздің абыройын асқақтатып, биікке көтереді деген сенімдеміз.
Мерзімді басылымдар бөлімінің кітапханашысы Исина А. Қ.