Елімізде 2007 жылдан бастап "Бір ел – бір кітап" республикалық акциясы өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге, ана тілге мұқият қарауға, оқу мәдениетін қолдау және дамыту мен сауаттылық бағдарламасын арттыруға, рухани мұраны сақтауға және оқуға  жәрдемдесу болып табылады. Биылғы жылы жалпы оқуға Әбіш Кекілбаевтың "Аңыздың ақыры" романы мен Әбділда Тәжібаевтың өлеңдері таңдап алынды.

Осы акция аясында  Қазіргі заманғы көпсалалы  колледжінде "Шырақтай сәуле берген шығармасы" атты танымдық сағат өтті. 

Аталмыш шараның мақсаты – Әбіш Кекілбаевтың "Аңыздың ақыры" романы мен Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерін оқу және насихаттау, колледж студенттеріне қаламгерлердің мұраларын ұсына отырып, кітапханаға деген қызығушылығын одан әрі жоғарылату.

Шара барысында кітапханашыларымыз сыршыл ақын Әбділда Тәжібаев пен халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, екі тұлға туралы мол ақпарат берді.

Әбіш Кекілбаевтың "Аңыздың ақыры" романы – ұлттық танымның жиынтығы. Талантты қазақ прозаигі Әбіш Кекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгінгінің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап – ойшылдықтың жоғарғы сатысынан қарағанда да, аңыз-әңгімелер мен бүгінгі күннің, өткен мен бүгінгі күндер тәжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің барлығы қосыла келе бұл шығармалардың мазмұнын ғана байытып қоймай оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен.

Ал, Сырда туып өскен Әбділда Тәжібаев – туған әдебиетіміздің ірі тұлғаларының бірі. Әбділда Тәжібаев "Күй атасы", "Ақын", "Портреттер" аталатын дастандар жазумен бірге, лирикалық поэмалардың қазақ әдебиетінде озық үлгілерін қалыптастыруға да үлкен үлес қосты. Әдебиетті зерттеумен де айналысты. Балалар тақырыбына да қалам тартты.

Шарада қаламгерлердің ғұмырынан сыр шертетін презентация көрсетіліп, кітапхана қорындағы әдебиеттер көрме арқылы  тыңдаушылар назарына ұсынылды. Колледж студенттері Әбіш Кекілбаевтың романы арқылы ертеде естіген аңыз-әңгімелерін еске түсірді. Сонымен қатар, жазушының көрмедегі "Үркер", "Шыңырау", "Елең-алаң" шығармаларына да қызығушылықтарын танытты. Сыршыл ақын Әбділда Тәжібаевтың өлеңдері – жас жүректердің қылын шерте білді. Соның дәлелі – аталмыш колледждің студенті Диана Ойратқызының "Сырдария" атты ақынның өлеңін нақышына келтіріп оқуы болды. Шара соңында колледждің қызметкері Әлібек Асқарұлы танымдық шараның тәрбиелік мәні зор екендігіне тоқталып, осындай рухани шаралардың көп болуын тіледі.

Жастар халық дарындарының шырақтай сәуле берген шығармаларынан білім көкжиегін кеңітіп, жағымды оймен тарасты.