Кітапхана – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз, өйткені өткен заман өрнектеріндей тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін содан табамыз. Ал, кітап – нәзік те, тұнық әлем. Кітап – білімнің мерейі мен деңгейі.
Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұзақ даму жолынан өтті. Облыстық кітапхананың өмірнамасы 1934 жылдан бастау алған. Биыл 2019 жылы Қарағанды қаласының құрдасы, кітапханамыз 85 жылдық мерейтойы таңын қарсы алып отыр. Мерейтой қарсаңында кітапхана жыл бойына көптеген іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Осы жоспар аясында кітапхана қызметкерлері Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінде болашақ кітапханашы мамандарымен "Кітапхана – мәдениеттің алтын діңгегі" тақырыбында ерекше іс-шара өткізді.
Шараның мақсаты - жастардың білімнің бастауы саналатын кітап әлеміне деген қызығушылықтары мен рухани құндылықтарын арттыру, барша жиналған қауымды кітапхананың тыныс-тіршілігімен таныстыру, жаңа қарқынды дамып жатқан технология жаңалықтарына, жаңа ақпараттарға деген қызығушылықтарын арттыру, кітапхананың тарихы мен бүгінгі жетістіктерімен таныстыру.
Шара студенттердің кітапхана тарихына арналған "Кітапхана қаланың құрдасы" тақырыбындағы слайдты тамашалауымен басталды.
Кітапханамыздың қала тұрғындары мен мекемелері, студенттер арасындағы достық қарым-қатынасы жайында айтылды. Кітапханадағы әр түрлі тақырыптық акциялар аясында өтетін сауалнамалар, іс-шаралар туралы ақпараттар берілді. Кітапханада көптеген оқырмандарға пайдалы клубтар тұрақты түрде көп жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Сондай-ақ, студенттер назарына кітапханамыздың бөлімдерінің атқаратын жұмыстары жайлы арнайы дайындалған "Кітапхана - білімнің күншуағы", "Гоголь кітапханасына келудің 7 себебі" атты кітапхана жастарының арнайы түсірген жарнама видео роликтері ұсынылды. Студенттер арасында "Мерейтой жай күн емес, мерейтой еңбектің жемісі" атты өз ойын ашық білдіру сауалнамасына белсенділікпен жауап бере отырып, мамандықтарының қыр - сырына қанық болды.
Шараға күндізгі және сырттай бөлім студенттері, кітапханашы практикант мамандар қатысты.