Тәуелсіздіктің басты тірегі – бірлік. Бірлік пен ынтымақтың, татулық пен тұрақтылықтың ұйтқысы болу әрбір Қазақстан азаматының басты міндеті. Біздің еліміз бірлік пен келісімнің арқасында тәуелсіз мемлекет қалыптастырып, зор жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Бірлік пен достық және өзара сыйластық болған кезде ғана кең байтақ ортақ отанымыз - Қазақстан Республикасы мол байлық пен бақ - берекеге кенеледі.
Кітапханамыздың оқу залдары бөлімінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай "Қазақстан – достық мекені" атты кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеде бірлікті ту еткен еліміздің Конституциясы көрнекі жерден орын алған. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің елдің ең маңызды байлығы. Осы жетістікті бағалау және берік сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген еліміздің тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбектерімен көрме мазмұны толыға түседі. Атап айтқанда: "Қазақстан жолы", "Қазақстан - 2050" стратегиялық бағдарламасы, "Қазақстан халықтарының Ассамблеясы" және "Мәңгілік ел. Ғасырға бергісіз жылдар" атты еңбектері Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналған. Бұл кітаптар ұлы өзгерістер жолын жан – жақты қамтиды. Сонымен қатар оқырмандар назарын аударып, қызығушылықтарын оятатын еңбектер қатарына "Қазақстан - қарашаңырағым", "Ортақ үйімізде татулық пен келісім болсын", этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы "Менің Қазақстаным" сынды кітаптарды осы көрмеден таба аласыздар. Бірлік мерекесі - отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі болғандықтан көрме аясында "Бір шаңырақ астында", "Қазақстан және әлем елдері", үш тілде жарық көрген "Ұлы даланың қорғаушылары. Хранители великой степи" атты фотокітап оқырман талғамына жауап бере алары сөзсіз.
Сондай-ақ халықтар арасындағы бірлік, берік ынтымақ, ұлттар мен ұлыстар арасындағы сыйластық жазушылар қаламынан тыс қалмайды. Көрмедегі жазушылар Д.Исабеков, Т.Әбдіков, Г.Бельгер, Р.Ғамзатов, Ш. Айтматов, П.Васильев сияқты қаламгерлердің қазақ даласының айшықты бейнесін өз шығармаларына арқау еткенін көре аласыздар.
"Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле" - дейді дана халқымыз. Мемлекет өмірінің барлық саласындағы жаңару, жаңа белестерді бағындыру жолындағы бірлігіміз бен тұрақтылығымыз нығая берсін!
Құрметті оқырман, осы маңызды құндылықтар жөнінде деректер білгіңіз келсе, кітапханамыздың кітап көрмесімен танысыңыз, ой толықтырыңыз.