Республикалық "Бір ел – бір кітап" акциясы қазіргі таңда жұртшылықтың назарында, Жыл басынан басталған кітап керуені жағасын табуда. 2019 жылдың 11 сәуірі күні №95 гимназияның шақыруымен жыл кітабы ретінде таңдалынған Әбіш Кекілбаевтың "Аңыздың ақыры" романы мен Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерін насихаттау мақсатында "Шырақтай сәуле берген шығармасы" атты оқушылар арасында танымдық сағат өтті.

Аталмыш шараның мақсаты – Ә.Кекілбаевтың "Аңыздың ақыры" романы мен Ә.Тәжібаевтың өлеңдерін оқу және насихаттау, мектеп оқушылары мен ұстаздарына қаламгерлердің еңбектерін ұсына отырып, кітап пен кітапханаға деген қызығушылығын одан әрі жоғарылату.

Қос қаламгердің шығармалары халық арасына  кең таралса да, жыл кітабының сапына кіруі көңілге қуаныш ұялатады. Екеуі де шығармалары арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, бауырмалдық пен адалдыққа тәрбиелеп келеді.

Шара барысында ұстаздар мен оқушылар назарына шоқтығы биік тұлғалардың шығармалары мен олар жайлы жазылған еңбектерден тұратын кітап көрмесі таныстырылып, слайд пен бейне роликтер көрсетілді. Оқушылар ақын өлеңдерін қызыға оқыды. Кітапхана қызметкері , жас ақын Жоламан Әйткен "Аңыздың ақыры" романы туралы әсерлі айтып өтіп, "Ей, өмір!" атты өз  өлеңін оқып, оқушыларды "Жыр - Жауһар" клубына шақырды. Мектеп кітапханасы қоржынына сыйлыққа кітаптар ұсынылды. Орыс тілі пәнінің ұстазы М.М. Абдигаликова мен кітапханашы Н.А.Марченко  кітапхана ұжымына алғыстарын білдіріп, серіктестігіміз алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.

                        Абонемент  бөлімінің сектор басшысы Ахмадиева А.С.