2019 жылдың 15 сәуір күні сағат 15:00-де кітапханада «Жыр-Жауһар» поэзия клубының ұйымдастыруымен ақын, Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Құрмет орденінің иегері Светқали Нұржанмен кездесу кеші өтеді. Кеш жүргізушісі айтыскер ақын – Тілеген Әділ.
Светқали Нұржан 1962 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында дүниеге келген. 1986 жылы ҚазМУ-нің (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетін бітірген. Ауылдағы орта мектепті бітірген соң жылқышы, мұнай өндірісінде жұмысшы болған. Жоғары білім алғаннан кейін «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен», 1986-87) журналында, Қарақия аудандық мәдениет бөлімінде (1987-94), облыстық «Өнер» қорында (1994-95; 1995 жылдан осы қордың президенті) қызмет істеген. Нұржанның өлеңдері облыстық және республикалық мерзімді баспасөзде, студенттердің жыр жинағында жарияланған. 1993 жылы «Аруана» атты жеке жинағы, бұдан кейін үш томдық «Таң қауызын жарғанда» жинағы (2002) жарық көрді. «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының, әдебиет саласындағы Президенттік стипендияның, ерен еңбегі үшін медалінің және 2017 жылдың 5 желтоқсанындағы ҚР Президентінің жарлығымен марапатталған Құрмет орденінің иегері.