Құрметті оқырман қауым, кітапхана қорындағы "Абай" сөресі асылы сөздің ажарлы мазмұнын ашатын ерекше "Абайтану. Таңдамалы еңбектер" деп аталатын 35 томдық жинақпен толықты. "Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы таңырқа" деп қазақтың жарық жұлдызы Сұлтанмахмұт Торайғыров айтып кеткендей, сөздің маржанын тізбектеген ұлы Абай туралы толығымен жазылған таңдамалы еңбектер жинағы біздің  қорымызды толықтырды.

Абайтану ғылымы бойынша жарық көріп отырған таңдамалы еңбектер басылымы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Абай туралы сөз" толғауымен ашылған. Бұл атаулы көптомдық таңдамалы еңбектер  Абайды әр қырынан тануға мүмкіндік беретіні ақиқат.  35 томдық еңбекте Абайдың ақындық, сатиралық, кемеңгерлік қасиеттеріне қанық боласыздар.

Бұрын-соңды болмаған таңғажайып жинақтардың жарыққа шығуына үлес қосқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми зерттеу институтында "Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу" орталығына алғысымыз зор. Таңдамалы еңбектер елдің ынтымағы мен бірлігінің нығаюына, интеллектуалдық әлеуетінің артуына, қоғамдық сананың дамуына ықпал етеді.

Бірінші томға абайтану саласында 1909 жылдан 1940 жылға дейін жарық көрген, уақыт сынынан өткен, тарихи және танымдық маңызы бар зор еңбектердің таңдамалылары енген.

Таңдамалы еңбектің 19 томында Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың "Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихының мәселелері" атты еңбегі жарық көріп отыр. Кітапта Абайдың өмірі, өскен ортасы, мәдениет аралық байланыстары, тарихи өмір шындығы, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер аясында қарастырылады.

Басылымның 34 томында Абайдың өмірбаянынан қосымша деректер, мәліметтермен бірге Семей қаласындағы Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры жазушы Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы бастаған қызметкерлерінің еңбектері, ойлары мен толғаныстары берілді.

Бұл көптомдық еңбектерде абайтану ғылымының өзекті мәселелері қарастырылған. Томға енген еңбектер абайтанушыларға, магистранттар мен докторанттарға, Абай мұрасын білмекті парыз тұтқан білім алушы жастарға және көпшілікке арналған.

Абай - сіз бен біздің ар-намысымызға, өмірлік өлшемімізге, ұлттық парасат-пайымымызға айналған асқаралы Абызымыз.

Ардақты оқырман, баршаңызды Абай мұраларын оқуға шақырамыз!

 Оқу залдары, кітапханашы Тусупбаева М.