Ежелден еркіндікпен өмір сүріп, еңселі ел болуды әр уақытта айбар еткен бабаларымыз "Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас" дегенді айтқан еді. Ал сол егемендіктің ең басты нышандары, Тәуелсіздікті білдіретін мемлекеттің ұлы рәміздері болатын.
Рәміздеріміз сарқылмас қазына, асыл мұра болып табылады. Біздің мемлекетіміздің рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұран. Олардың әрқайсысының мәні, өз орны, тарихы бар.
1992 жылғы маусым айының 4 жұлдызы Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалады.
Осы мерейлі күнге орай кітапхананың оқу залдары бөлімінде "Мемлекеттік рәміздер – ұлттың мақтанышы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ағымдағы жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік Елтаңба, Ту және Әнұран туралы алғашқы заңдарға қол қойғанына 26 жыл толады.
Кітап көрмесінің көркі болған ҚР тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың "Қызмет хроникасы 1992-1993" атты кітапта 1992-1993 жылдары елімізде және шет елдерде Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілген басты іс-шаралар жайында баяндалған. Сондай-ақ, ҚР маңызы зор заңдары мен Президент жарлықтарының тізбесі ұсынылған, түрлі анықтамалық ақпараттар келтірілген.
Оқырман назарына ұсынылып отырған кітап көрмесінде "Тәуелсіздік нышандары" кітабында тәуелсіз Қазақстан нышандарын кешенді түрде бейнелейді. Кітаптың жаңалығы мен ерекшелігі сол – Мемлекеттік рәміздермен қатар тәуелсіз Қазақстанды бейнелейтін республиканыңелеулі табыстары мен брендтері берілген.
Көрме "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы" деп аталатын яғни, рәміздердің авторлары және олардың эскиздермен жұмысы естеліктеріне негізделген материалдармен толықты.
Кітап көрмесінде мемлекеттік рәміздерімізді айқындайтын, халық пен мемлекеттік билік бірлігінің нышандарының мазмұнын ашатын материалдар орналасты.
Көрмеге мерзімдік басылым беттеріндегі рәміздердің тарихы мен құрметі жайында жазылған мақалалар мен өлең жолдары қойылды.
Елбасының айтқанындай:
Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Біз рәміздерімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын құрметтеуге міндетті. Өйткені олар біздің ең киелі құндылықтарымыз.
Ендеше Елбасының осы ұстанымы бесіктегі баладан бастап, бүкіл қоғам болып өзінің ұдайы басты назарында ұстауы керек.
Кітап көрмесімен танысуға келіңіздер, қадірменді оқырман! Тәуелсіз елдің патриоты болыңыздар!
Оқу залдары, кітапханашы Тусупбаева М.