23 сәуір күні Қарағанды көлік–технология колледжінде патриоттық сабақ өтті. Ерлік пен батылдықтың символы іспеттес, қазақтың біртуар перзенті Қасым Қайсеновтің өмірі, батырлығы жайлы студенттерге қызықты естеліктер айтылды. Жорық жылдары жайлы сыр шертетін бұл шараның мақсаты - Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халық басына түскен нәубет, қасірет жайлы түсінік беру. Жазушы шығармалары арқылы қарапайым адамдардың Отан алдындағы, ұрпақ алдындағы борышын ақаусыз атқарғандығын, намысты қастер тұтқан аға ұрпақтың ерлігін үлгі ету.
Қазақстанның тұңғыш Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жасқа толуына байланысты өткен шарада батырдың ерлік, адамгершілік қасиеттері толықтай ашылып, "Вася партизан" атымен Украин халқының өз ұлындай болып кеткен азаматтығы көрсетілді. Батырдың ерлігі, бейбіт өмірдегі атқарған еңбектері жайлы сыр шертетін слайдтар мен шығармалары бойынша көрсетілген кітап көрмесін мұғалімдер мен студенттер қауымы қызыға тамашалады. Әйгілі партизанның қарапайым да жатық.тілмен жазылған шығармаларына қойылған көрмеге шолу жасалды. Бұл еңбектер ерлікті аңсаған жас ұрпақтың сүйікті кейіпкері ретінде, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелейтіні, ерлікке баулитыны туралы да тілге тиек етілді. Мерзімді басылымдарда, атап айтар болсақ: "Аңыз адам", "Жұлдыз", "Жалын" журналдарынан, "Егемен Қазақстан", "Жас алаш", "Орталық Қазақстан" газеттерінде жарық көрген батыр жайлы мақалалар мен Қасым атамыздың шығармалары таныстырылды
Студенттер мен мұғалімдер тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, белгілі тұлғалардың Қасым атамыз жайлы айтқан естеліктері айтылып бөлісіп кештің мазмұны одан сайын қыза түсті. Шара соңында көрсетілген "Қасым" фильмін сабақ барысында айтылған естеліктермен салыстыра отырып көру - студенттерге өте жақсы әсер қалдырды.
Қорытындылай келе, Қасым атамыз жайлы естеліктер, оның қаламынан туған шығармалар ешуақытта ескірмейтіні, мәнін жойматыны айтылды. Өйткені, сүйікті ұлына деген халқының шынайы махаббаты да мәңгі-бақи сөнбек емес.
Мерзімді басылымдар секторы Айтбаева К.Т, Күлмағамбетова Г.С.