2018 жылы 2 наурыз күні сағат 15.00-де
Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Бағдат Мүбәрактың
"Ай көрдім, Шолпан көрдім, Айман көрдім..." атты шығармашылық кештің аясында
өтетін "Алтынкүрек" кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді.
Кеште қазақ әдебиетінде өзіндік орыны бар, поэзияның ауыр жүгін көтеріп, көркем әдебиетке өзіндік сүбелі үлесін қосып келе жатқан ақындар С.Ақсұңқарұлы, С.Сағынтай, Р.Нұрбай, Қ.Асқар, ғалымдар Т.Көкетаев, Қ.Асанов, Ж.Жарылғапов, А.Бабашев, ҚР Білім меценаты, "ҚР Білім беру ісінің құрметті қызыметкері Бекзат Алтынбеков, Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры, сазгер Есжан Әміров және жас ақындар қатысады деп күтілуде.
Әдеби кездесуде Қарағанды қаласы, "Мағжан" баспасынан 1000 данамен жарыққа шыққан жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, махаббат, елдік пен ерлік, уақыт һақындағы жырлар оқылады.
"Алтынкүрек – алғаш көктемде желпитін жылы леп, майда самал. Алайда ол соншалық нәзік болмысымен-ақ қасарысып жатқан қасат қардың көбесін сөгіп, көктемнің алғашқы бәйшешек-тағдырына жол ашады. Поэзия, демек тура осы алтынкүрек. Ол да адамзат жаралғалы бері оның жүрегіндегі енді қайта жібіместей болып бекіген шер-шеменді бір нәзік сәуле-сөз арқылы жібітіп келеді..." - деп журналист Мирас Асан айтқандай бұл кеште ақын аузынан өзінің жалынды жырларын есту құрметіне ие боласыздар.