Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылы 14 қаңтарда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызда елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, №173 Жарлыққа қол қойған болатын.
Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.
Алғыс айту күні мерекелеудің жаңа дәстүрі ретінде оқу залдарында "Мәңгілік ел" бірлігін ортақ тарих және тарихи сана мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелей отырып, "Қазақстан – бақытты өмір бесігі" тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесінің мақсаты – "1 наурыз – Алғыс айту күнін" негізге ала отырып, Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқан ұлттардың бірлігі мен ынтымағын, достығы мен татулығын және Елбасының ұлтаралық бірлестік пен қоғамдық келісім жолында құрған идеяларын оқырман қауымға кітап арқылы насихаттау. Көрмеде қазақ халқының және қазақ жерін мекендейтін әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, басқа да ұлттық құндылықтарын көрсететін кітаптар ұсынылған. Сонымен қатар, ұлттардың киім үлгілері мен өздеріне тән ұлттық өнерлерінен көрініс беретін фотоальбомдар да оқырман назарына ұсынылды.
"1 наурыз - Алғыс айту күні" туралы жергілікті қаламгерлеріміздің жазған мақалалары да көрмеден орын алды. Көрмеде ұсынылған материалдар көп ұлтты халқымыздың бүгінгі жарқын өмірге ұйымшылдық пен адал достықтың арқасында жеткендігіміздің айғағы.
Құрметті оқырман! Жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңізді ешкімнен ешқашан аямаңыздар, "Рахмет" деген қасиетті сөзді жиі айтыңыздар.
Табиғат – Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ, ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңыздар! Достық пен мейрімнің лебі ескен кітап көрмесінің куәгері болуға шақырамыз! Баршаңызды мерекемен құттықтаймыз!
Серікжанова А., сектор басшысы