Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып,
Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып...
Домбыра, қобыз, жетіген, сазсырнай т.б ұлттық аспаптардың қай-қайсысы болмасын олардың музыка әлемінде өзіндік үні, ерекше орны бар. Бұл күнде ол көне аспаптардың көмейлерінен күй төгіліп, қайта жаңғырды, жетілдірілді. Шертер ішектері күйге келген сайын қазақтың дархан жатқан дала, желпіген самал жел сізге жусан иісін жеткізетін сияқты. Баяу көрсетілетін кино әдісі сияқты көз алдында қалқып бара жатқан тұлпар тұяғының дүрсілі, аспан көгінде қалықтаған бозторғайдың үні құлаққа үйіріледі. Қандай аспаппен ән немесе күй орындалса да дыбыс сарыны құлаққа жағымды, жылы естіледі.
Қазақтың ұлттық аспаптарына арналған шеру бүгін де "Оркестр. Күйден симфонияға дейін" атты музыкалық шығармашылық кешпен өз жалғасын тапты.
Іс-шара мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, көпшілік қауымға қазақтың төл аспаптары жайлы мағлұмат беру. Олардың үніндегі құдіретті, жүрек тербетер тылсым күшті сезіндіріп, жақсы көңіл-күй сыйлау. Өнер туралы әдебиеттерді насихаттап, Қазақстанның музыка өнерінің мәдени мұрасы туралы ақпарат беру.
Тәрбиелік мәні бар бұл кештің тыңдаушы көрермендерін музыкатанушы, №1 Балалар музыка мектебінің оқытушысы – Х. Альмусина қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының шығу тарихына тоқталып, жан-жақты ақпарат беріп өтті.
Музыка ақындарды шабыттандырады, өлең ақынға қанат бітіреді.
Кеш шымылдығын "Жыр-Жауһар" поэзия клубының белсенді мүшелері, атап айтар болсақ: Нығымет Ерболат, Исмаилова Дана ұлттық аспаптарды ұлықтау мақсатында көркем мәнерлеп оқудан ақын ағаларымыздың жырларымен ашты. №81 мектептен келген Айкенова Алина да өз өнерімен бөлісіп, көрерменді қара өлеңімен сусындатты.
"Әнді сүйсең, менше сүй!" - деп, ұлы Абай данамыз айтқандай, музыка қашанда жүрек тебірентер тылсым күш екені баршамызға аян.
№1 Балалар музыка мектебінің "Думан сазы" фольклорлы ансамблі Е. Узалиннің жетекшілігімен репертуарларындағы Н. Тілендиевтің "Әлқиссасы" мен "Ата толғауы", халық күйі "Төпенкөкті", Дәулеткерейдің "Кероғлысы", Ш. Қалдаяқовтың "Кешікпей келем деп ең" әнін жоғары деңгейде орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, кеште ұлттық аспаптар, олардың шығу тарихы туралы әдебиеттер топтастырылған "Оркестр. Күйден симфонияға дейін" атты кітап көрмесі ұсынылды.
Кеш соңында кітапхана директоры Д.Б. Аманжолова қонақтар мен қатысушыларға алғыс хат табыстап, шексіз ризашылығын білдірді.
Аталмыш музыкалық кешке куә болған әр қатысушы рухани күш алып өміріне керекті татымды жан азығымен сусындады десек болады.