Оқу залдары бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Қарағанды қаласының Көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінде ақпан айының 9 жұлдызында «Ұлттың ұлы ұстазы» атты әңгіме сағаты өткізілді.
Шара қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш Орда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 145 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттерімен еркін әңгіме болып, тіл жанашыры Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы жайында сөз қозғалды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын алға тартып, қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесі қозғалғанда қазақ әліпбиінің атасы А. Байтұрсыновтың есімі ерекше екендігі баса айтылды.
Сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері студенттерді кітапхана қорындағы ұстаздың еңбектері және ол туралы жазылған материалдармен презентация арқылы таныстырып, көпшіліктің кітап оқуға қызығушылығын тудырды.
Өз заманында қазақтың білім алып, көкірегін ояту мақсатында тер төккен, кейінгі ұрпаққа сарқылмас қазына қалдырып, ұлт мүддесі жолында жанын пида еткен ұлағатты ұстаз Ахметті оқып, білу әр қазақтың парызы десем артық болмас. Құрметті оқырмандар, тағылымы мол мұрадан сіздер де сусындаңыздар, кітапханаға келіңіздер!
Серікжанова А., сектор басшысы