Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 наурыздағы № 511 Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні деп бекітілген.
Бірінші кезекте, Отбасы күнін Қазақстанда мерекелеу неке мен отбасы институтын, сонымен қатар қоғамда имандылықты және руханилықты нығайтуға негізделген. Бүгінде демографиялық саясаттың әуелгі факторы ретінде отбасылық құндылықтарды халық санасына сіңіру – басты мемлекеттік міндеттердің бірі болып табылады. Өткізіліп отырған мемлекеттік әлеуметтік саясаты қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау арқылы өскелең ұрпақты отан сүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу мәселелеріне зор назар аударады.
Адамның тұлғалық қасиетінің жақсы немесе жаман болып қалыптасуына әсер етуші фактор − жанұя. Бала кішкентай кезінде көрген-түйген дүниелерін кейін өзі бөлек отау құрғанда жаңа отанына алып барады. Және өзі көрген, ұққан дүниелерін өзінің бала-шағасына береді. Сол себепті, жанұя тәртібі, отбасылық тәрбиенің маңызы әулет, ұрпақ, ағайын, мемлекет, отан алдында жоғары. Қазақта: "Отан отбасынан басталады", — деген дана сөз бар. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым отбасы болса керек. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекеме. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы мекемеде қаланған. Мемлекеттің мықты болмағы оның дана басшысына байланысты болғаны сияқты, отбасының берекесі – ері мен әйеліне байланысты екені даусыз. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғаларды дүниеге әкелуге қабілетті болмақ.
Осы орайда, отбасының рөлі қоғамның негізгі факторы екендігін оқырмандарға жеткізу мақсатында "Отбасы – тәрбие бастауы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде басты орын алатын Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және Отбасы туралы кодексімен қатар, отбасын құру, жанұядағы бала тәрбиесі, жалпы қоғамда отбасының рөлі, заңдылықтары, қазақтың салт-дәстүрі, діни көзқарастары жайында мәлімет беретін материалдар ұсынылды. Ерлі-зайыпты журналистер М. Тоқашпаев пен Р. Каршалованың "Бақыттың кілті" атты 2016 жылы жарық көрген кітабында отбасылық құндылықтар, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер тақырыбы кеңінен қарастырылған. Солардың кейбіріне тоқталып кетсем: Г. Соловьева, Е. Бурованың "Қазақстандық отбасы қоғамның негізгі құндылығы ретінде: жағдайы және даму үрдістері" кітабында заманауи отбасының даму үрдістері, гендірлік рөл туралы түсініктер берілсе, З. Шаукенова, Г. Соловьева, Е. Бурованың "Отбасы институты – Қазақстан қоғамы тұрақтылығының факторы" атты еңбегінде қазіргі таңдағы отбасы – жеке тұлғаның тағдырын анықтайтын, оның әлеуметтенуіне әсер ететін дәстүрлі бірегейлендіру институтының бірі екендігі айтылған. Бұдан бөлек, көрмеде мерзімді басылымдар бетінде жарияланған қызықты мәліметтер ұсынылған.
2014 жылдан бері елімізде "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы өткізіліп келеді. Конкурс – өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін жоғарылатуға бағытталған. Конкурс ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ отбасында еңбекке қабілетсіз ата-аналарына кәмелетке толған балаларының күтім жасауын паш ету және кеңінен насихаттау мақсатында өткізіледі. Бұл конкурсқа мемлекетіміздің кез-келген отбасы қатыса алады. Әр жыл сайын жүздеген отбасы "Үлгілі жанұя" атағы үшін сайысқа түседі. Ұйымдастырылатын конкурстың 2014 жылғы жеңімпазы, жерлесіміз Серік Сәпиевтің жанұясы болатын. Ол жайында толық мағлұмат алғыларыңыз келсе, біздің кітапханаға келіңіздер, оқыңыздар!
Отбасы күнін мерекелеу біздің қоғамда ерлі-зайыптылықтың маңызды жауапкершілік екендігін мойындап, оны нығайтуға көмектеседі. Отанға деген махаббат отбасынан басталады. Туған шаңырағыңда алған тәрбие – бұл жалпы біздің келешегіміздің кепілі.
Серікжанова А., бөлім оқу залдары