Қазіргі таңда баланың ойлау қабілетін дамытатын, есте сақтау жұмысын жақсартатын, түрлі тапсырмалармен көмкерілген балаларға арналған көптеген танымдық, дамытушылық, көңіл көтеретін журналдар көп кездеседі. Журналдардың қызығы мен қолжетімділігі өз алдына, география, тарих, өнер және әлем әдебиетімен таныстырады. Кез келген балаларға арналған мерзімді басылым бетінде бас қатырғыштар, сөзжұмбақтар, жұмбақтар, қызықты сауалнамалар және ойындар бар.
"Айгөлек" журналы
Бұл басылым мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың зияткерлік дамуына көп үлес қосуда. Әртүрлі түсті, ашық, еліктіргіш журнал Қазақстанда кең танымал. Атам заманнан келе жатқан ұрпақ тәрбиесін ескере отырып, фольклордан сусындатуға болатын әртүрлі танымдық материалдарды жариялайды. Журналда кездесетін өлеңдер, мақал-мәтелдер, тарих және халық дәстүріне қатысты деректер - бұл қызықтың басы ғана. Басылымнан үлкендер бөбектерге ертегі, әңгімелер оқып бере алады, ал мектеп жасындағы балалар әліппемен танысып, сөзжұмбақтарды шешіп, тест тапсырмаларын орындай алады.
"Ұлылар ұлағаты" және"Өлді деуге бола ма?" атты тұрақты айдарларында ірі тұлғалар, ғалымдар, халық қаһармандары туралы естелік, әңгіме, сұхбаттар беріледі."Оқушылар қаламынан" атты айдарда мектеп оқушысының қаламынан шыққан суреттер, жазған әңгімелері, құрастырған тақпақтары басылып шығады. "Мұғалімдер мен ата-аналар үшін" айдарында өзін-өзі тану сабағына қатысты материалдар беріледі. Адамгершілікке, жақсылыққа шақыра отырып, өзін-өзі тануға, дамытуға байланысты жұмыстарды қалай жүргізу керек екенін үйретеді.
"Ақжелкен" журналы
Балалар және жасөспірімдер шығармашылығына арналған ай сайын шығатын әдеби-көркем журнал. Ол алдымен, орта жастағы және жоғары сынып балаларына бағытталған. Журналда тарихи, ғылыми-көпшілік материалдар және жасөспірімдердің ойлау жүйесін дамытатын, көзқарастарын кеңейтетін тәрбиелік мәндегі мақалалар жарияланады. Материалдардың қызығы өз алдына, сабақ оқу барысында көп көмегі тиеді. Өмірде сақтыққа, әр қадамды ойланып басуға тәрбиелейді. Сонымен қатар журнал беттерінен жас буынның өз өлеңдері мен әңгімелерін оқуға болады.
"Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?" атты тұрақты айдар мектеп оқушыларын инновацияға талпындырып, зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағыттап, жастар арасында бір жаңалық ашып, жаңа туындыны жасап, айналасындағы жасөспірімдерге үлгі өнеге болып жүрген жас өнертапқыштадың, суретшілердің жұмыстары жайлы сұхбаттар жарық көреді. "ЭКСПО-2017" айдарында Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық көрме жаңалықтары туралы материалдар жарияланады.
"Балдырған" журналы
Журнал қазақ тілінде шығады. Кішкентай және орта жастағы балаларға арналған. 1958 жылы журналдың алғашқы саны жарық көрді. Осынау жарты ғасырда ол өз оқырманын сүйіспеншілікпен мойындата білді. Мұнда жарияланатын өлеңдер мен суреттер ой салады, жақсы мен жаманның аражігін ажыратуды үйретеді. Оқырманы журналдың әр санынан көптеген қажетті материалдарды өздері және ата-аналары арқылы оқып біле алады."Балдырған" журналы – әр нәрсеге әуес, жан-жақты, білуге құштар балаларға арналған. Бүкіл отбасы оқитын басылым.
"Мөлдір бұлақ" журналы
Ай сайын шығатын әдеби-көркем, танымдық журнал. Қазақстан Республикасына кең танымал жасөспірімдерге арналған басылым. Сапалы, мағлұматқа толы танымдық материалдарымен алда келеді. Журнал беттерінде 4-8 сыныптарға арналған тұрақты түрде тест тапсырмалары беріледі. Басылымның басты ерекшелігі сонда, оқырмандарын қазақстандық балалар жазушылардың шығармашылығымен ғана сусындатып қоймай, жас буынның өз шығармаларымен де бөліседі. Олардың қазіргі заманға деген көзқарасы барша жасөспірімдерге, қатарластарына және ата-аналарына түсінікті және қызықты.
"Бауырлас ел әдебиеті" айдарында түркі тілдес балалар ақын-жазушылардың өмірбаяны мен шығармашылығымен таныса аламыз. Оқушылардың білімін арттыру мақсатында "Достық" білім беру орталығының құрастырған тест тапсырмалары беріліп отырады. Әр сыныпқа әр түрлі деңгейде қазақ тілі, математика, дүниетану, орыс тілі және т.б. сабақтардан тесттер бар.
Жоғарыда аталып өткен журналдардың барлығы пайдалы және қызықты ақпараттар бере отырып, балалар мен жасөспірімдердің ойда жүрген сұрақтарына жауап бере алады. Сонымен қатар, балаларды алғыр, жан-жақты етіп тәрбиелейді, бос уақыттарын пайдалы етіп өткізуге көмектеседі.
Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК-ның мерзімді басылымдарымен кітапхана сайтының "Ресурстар" бөлімінің "Мерзімді басылымдар" айдарынан таныса аласыздар.