Әнұран, Ту, Елтаңба – орны биіктен сайланған мемлекеттің мызғымас рәміздері. Елдің елдігін, халықтың бітім-болмысын көрсететін ұлттық құндылықтарымыздың ресми түрде қабылданғанына 25 жыл. Ал, "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осыған сәйкес бұл күн Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Атаулы күн қарсаңында, кітапханамызда "Мемлекеттік рәміз – қасиетті нышан" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ұсынылған әдебиеттер мазмұны жағынан терең мағыналы, ұлттық нышандарымыздың шығу, қалыптасу тарихын, оларды қоғамда пайдалану тәртібін таныстырады. Елдік рәміздерді баршаға бірдей ұғынықты ететін төмендегідей кітаптар көрмеден орын тепкен:
- Шаймерденов Е.Ш. Қазақ елінің рәміздері: - Алматы: Балауса, 1993. – 80 б,
- Шаймерденов Е.Ш. Елтану әліппесі: Қазақ елінің рәміздері. – Алматы: Рауан, 1998. – 160 б.
- Азбанбаев М.А. Менің Қазақстаным – Жұмекен. – Қарағанды, 2005. – 244 б.
- Шаймерденов Е.Ш. Елтаным. – Алматы: Экономика, 2005. – 304 б.
- Шаймерденов Е.Ш. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік рәміздері. – Алматы: Алматыкітап, 2008. – 240 б.
- Шаймерденов Е.Ш. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны. – Алматы: Алматыкітап, 2008. – 64 б.
- Айтұлы Н. Ту. – Алматы: Жаухар, 2012. – 368 б.
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері. Тәуелсіздік нышандары. – Алматы: Тау Қайнар, 2015. – 324 б.
Сондай-ақ, Көк байрақтың авторы, суретші Шәкен Ниязбеков, Елтаңбамызды айшықтаған ұшқыр ой иелері Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков және Әнұран авторлары Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, Шәмші Қалдаяқов сынды ұлы тұлғалар туралы кітаптар да ұсынылған.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығы қарсаңында мерзімді басылым беттерінде жарық көрген тәуелсіздік нышандары туралы мақалалар көрменің мазмұндылығын айшықтайды.
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: "Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді", - деген болатын. Олай болса, ел рәміздеріне деген көзқарасымыз бен құрметіміз бәрінен биік болуға тиіс. Елдігіміз мәңгі жасап, көк туымыз әрқашан желбірей берсін!