Ішкі және сыртқы саясаттың құрылымындағы
негізгі іргетас – қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Сондықтан бізге ел егемендігін қорғау
мүддесі үшін кез келген қатерге төтеп беретін,
сапасы биік заманауи әскер қажет.
Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл және Ұлы Жеңіске 72 жыл толуына орай оқу залдары бөлімінде "Ерлік, айбын, даңқ" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме: "Әскер – тәуелсіздік тірегі", "Халықтың ұлы қаһармандығы", "Ауғаныстан – мәңгі жадымызда" деп аталатын үш бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде, ҚР Қарулы күштерінің құрылуы, ұландарымыздың әскери дайындығы туралы материалдар ұсынылған. А. Тасболатовтың "Жоғарғы Бас Қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі" атты еңбегінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ел Қарулы Күштерін құрудағы және дамытудағы рөлі терең зерттелген. Елбасының мемлекет әскерінің әлеуетін арттырған, әлемнің озық елдері армияларымен терезесі тең, биік деңгейге жетуіне бағытталған ерен еңбегі нақты деректер көзімен көрініс тапқан. Осы бөлімдегі "Айбын", "Ішкі әскер: Дәстүрге адалдық", "Қазақстанның әскери тарихы" сияқты еңбектерде ҚР шекаралық қызметтері, әскерінің құрылу тарихы, жалпы әскери даярлық туралы жазылған.
Ұлы Отан соғысының отты жылдары, оның Жеңіспен аяқталғандығы, елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған жеріне, еліне оралмай қалған қаһарман ерлері туралы кітаптар екінші бөлімнен орын алады. Зұлматты дәуірдің куәсі, Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майданда қаза болғандарға, хабырсыз кеткендерге ескерткіш ретінде "Ер есімі – ел есінде" атты еңбек арналған. Кітапта соғыста қаза тапқандардың, хабарсыз кеткендердің тізімі, әскери хаттар, мұрағаттық материалдар және фотоқұжаттар енгізілген. Ж. Ауыпбаевтың "Рухы күштілер" кітабында Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлері мен офицерлерінің жанқиярлық істері мен жеңілмес рухы сөз етілсе, Т. Көлбаевтың "Өшпес даңқ" кітабында Алматыда жасақталған 100-ші, Ақтөбеде жасақталған 101-ші қазақтың ұлттық атқыштар бригадаларының өмір-тіршілігі, майдандағы жорықтары мен жекелеген жауынгерлер ерлігі баяндалады. Ұлы Отан соғысына мыңдаған жауынгерлер қатысқан. Соның арасында қазақ батырлары жетерлік. Қазақтың ұлы қаһармандары Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, шығыстың қос шынары: Әлия мен Мәншүк туралы еңбектерді де осы бөлімнен таба аласыздар.
Үшінші бөлім 1979-1989 жылдары Ауғаныстан мен КСРО арасында болған соғыс тарихынан сыр шертеді. Ел аузында "Ауған соғысы" деп аталып кеткен қасіретті тарихқа сан мыңдаған қазақстандық жерлестеріміз қатысып, қан төккен. Отан алдындағы борышын адал атқару жолында шейіт болған боздақтар мен бүгінде бейбіт өмірімізге өз үлесін қосып жүрген ауған соғысы ардагерлерінің есімін ел жадында қалдыру мақсатында "Даңқ" энциклопедиялық анықтамалығы жарыққа шыққан. Бұл кітапта ауған соғысы туралы жан-жақты ақпарат берілген. "Боздақтар" деп аталатын кітап Қарағанды облысынан Ауған соғысына барып, қайта оралмаған жауынгерлерге арналған. Ол жан түршігерлік ұрысқа екі мыңға жуық қарағандылықтар қатысқан. Көпшілігі жараланып, аурудың азабын тартса да, қасық қаны қалғанша күресіп, осы күнге аман-есен жеткен. Ал, оралмағаны қаншама?
Құрметті оқырман қауым, бейбіт аспан астында, береке-бірлікте, татулықта өмір сүрейік. Сонау өткен отты жылдар қайта айналып келмесін!