2007 жылдан бастап елімізде ҚР Академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен "Бір ел – бір кітап" акциясы өткізіледі. Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін дәріптеу, қоғамның оқуға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту болып табылады.
2017 жылдың 24 ақпанында өткен акцияның ұйымдастыру комитетінің отырысында жыл кітабы ретінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары таңдалып алынды.
Акция аясында кітапханамызда көптеген іс-шаралар жоспарланып, оқу залдары бөлімінде "Жарқын арманның асқақ ақыны" атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеге Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, аққан жұлдыздай зымырап, өмірден ерте кеткен өршіл ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар ұсынылды. Көрме екі бөлімнен тұрады.
"Тұлға. Демократ. Ағартушы" деп аталатын бірінші бөлімде "Бір ел – бір кітап" акциясының тарихы, ақынның өмірі, қызмет жолы, өскен жері туралы материалдар ұсынылған. 2017 жылы "Алаш" партиясының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Ал, С. Торайғыров осы партияны қолдап, ол туралы ақпараттарды газет-журналдарға шығарып отырған. "Алаш ұраны" атты өлеңін жолдап, "Таныстыру" поэмасында алаш көсемдерін ұлықтаған. Осы бөлім арқылы Сұлтанмахмұттың алаш партиясына қосқан үлесі жайында біліп, ақын есімі берілген ауыл, мекемелер мен көшелер, тұрғызылған ескерткіштер туралы ақпаратпен таныса аласыздар.
"Дала әні" бөлімінде ақынның төл туындылары және оның шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер топтастырылған. Не бары 27 жыл ғұмыр кешкен талант өзінің қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында өшпес мұра қалдырып үлгерген. Көрмеде ақынның әр жылдары жарық көрген екі және үш томдық шығармалар жинағы, "Қамар сұлу", "Дүние дөңгелегі айналады" кітаптары, "Сарыарқаның жаңбыры", "Асыл сөз" атты өлеңдер мен дастандар жинағы, "Алаш ұраны" атты таңдамалы шығармалар жинақтарымен қатар, ақын өмірі және шығармашылығы туралы қазақ ақын-жазушыларының еңбектері ұсынылған. Мысалы, Д. Әбілевтің "Сұлтанмахмұт" атты романы "Ақын арманы", "Арман жолында", "Баянауыл баурайында" деп аталатын үш томнан тұрады. Жазушы жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі қазақ даласының тарихи шындығын әлеуметтік қарым-қатынастар негізінде сипаттап, демократ ақынның образын жасап, оның өмір жолын романға негізгі желі еткен.
Ал, Т. Әбдірахмановтың "Таланттар тағылымы", Қ. Бекхожиннің "Өлең өткелдері", Б. Кенжебаевтың "XX ғасыр басындағы әдебиет" және "Қазақ халқының жалынды ақыны", Ә. Кекілбаевтың көп томдық шығармалар жинағының 18 томында ақын туралы тараулар беріліп, кейбір шығармалары талданып, өмір жолы туралы естеліктер жазылған.
Мерзімді басылымдар бетінде жарияланған ақын және оның өлеңдері туралы кейбір мақалалар да осы көрмеден орын алады.
Сонымен қатар, С. Торайғыров шығармаларын насихаттау мақсатында кітапхана қызметкерлері қаламыздың оқу орындарында әңгіме өткізді. Сәуір айының 25-жұлдызында Көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ұйымдастыруымен С. Торайғыровқа арнап іс-шара өткізілді. Сол шараға кітапхана қызметкерлері қатысып, "Я бы солнцем взошел над землей" атты презентациясын ұсынды. Өршіл ақынды әр қырынан ашып көрсетіп, студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын оятты. Кеш барысында колледж студенттері ақын рухына өз өлеңдерін арнап, Сұлтанмахмұт шығармаларын жатқа оқыды. Кеш қатысушылары назарына кітапхана қорынан шағын кітап көрмесі ұсынылып, викториналық сұрақтар қойылды. Іс-шарада студенттер белсенділік танытты.
Сонымен бірге, Қарағанды гуманитарлық колледжінде кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен "Сұңғыла жыр сұлтаны" атты әңгіме-презентациясы өткізілді. Әңгіме барысында ақынның өскен жеріне саяхат жасалынды. Видеокөрсетілім арқылы студенттер Сұлтанмахмұттың ауыр да қысқа тағдырымен танысып, ақын шығармашылығынан өлең оқыды. Кітапхана қызметкерлері ұсынған кітаптарға қызығушылық танытып, кітапхана жайында мағлұматтар алды.
Құрметті оқырман қауым, "Бір ел – бір кітап" акциясы аясында іс-шаралар әлі де жалғасын табады. Біздің сайтымыздан іс-шаралар күнтізбесімен танысып, қатысыңыздар.