Құрметті сайт оқырмандары!

Біз сіздерге кезекті жыл кітабының таңдалғанын хабарлаймыз.

2017 жылы,  Алашорда мемлекетінің 100 жылдығы қарсаңында – Алашорда үкіметі құрылған күндері-ақ "Алаш ұранын" жазған, ХХ ғасырдың басындағы ұлттың ояну кезеңінің жалынды жыршысы, қазақ әдебиетінің классигі Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларын оқитын болдық.

Ақынның "Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам! Қараңғылықтың көгіне,  Күн болмағанда, кім болам?" - деген өлең жолдарымен мектеп қабырғасынан таныс барша қауым үшін аз ғана ғұмыр кешсе де артына өшпес сөз қалдырған қазақ халқының тағы бір талантты тұлғасының шығармаларымен ел болып қауышу, сөз құдіретін табиғатынан түйсінетін қазақ халқы үшін үлкен мәртебе. 

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын жинау, бастыру, зерттеу жұмыстарын сол кездердің өзінде-ақ Жүсіпбек Аймауытов қолға алған. 1926 жылы жазған "Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салысыңыздар!" ашық хатында: "аз өмірінде көп өзгеріс көрген, берісі қазақтың, арысы адам баласының бақ-ырысын көксеген, өмірін әділдік, шындық ізденуде, ойлануда, толғануда өткізген, түбек ойдың ақыны еді" - деп жазады.

Адамды Адам болуға үндеген ақын жырлары жыл бойы оқылып, санаға ой, көкірекке нұр сепсе – "Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!" - дейтін ел қамын ойлар ұландардың көбеймесіне кім кепіл?!

Бүгіндегі жастарға оқу міндет,

Тек қана оқуменен өнер білмек,

Өнер-білім, адалдық, ар-намысты

Жоятын надандық қой емсіз індет.

 

Сұлтанмахмұт Торайғыров