Спорт пен өнер – егіз. Екеуі де шалқар шабытты, талмас еңбекті, таудай талапты қажет етеді. Оның ішінде, алғырлық пен табандылықты сүйетін шахмат ойынының жөні бөлек.
Өткен аптада кітапханамызда "Жыр-Жауһар" поэзия клубының ұйымдастыруымен өңіріміздің әдебиеті пен мәдениетіне үлес қосып жүрген шығармашылық адамдарының арасындағы "Ақ пен қара жолдарымның жолағы..." атты шахматтан еркін турнир болып өтті.
Алғашқы рет ұйымдастырылып отырған бұл жарысқа төрт жұп қатысты. Жеребе тарту арқылы тағайындалған қарсыластар ойынды бірден бастап кетті. Дарынды жазушы, қарымды қаламгер, "Жыр-Жауһар" клубының алғашқы іргетасын қалаушы Алмаз Мырзахмет аталмыш клубтың жас ақыны, Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Кәусария Сәулеханмен жарысқа түссе, шахматтан спорт шебері атағын иеленген заңғар журналист, заманында облыстық "Орталық Қазақстан" газеті редакторының орынбасары болған Аман Жанғожин мен өнерге бір табан жақын Азамат Нұрахметов сәйкесінше, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен арнайы келген оқытушылар Саржан Такиров және Әлімжан Құтжанұлымен бақ сынасты. Кітапхананың қызметкерлері де қызықты ойыннан тыс қалған жоқ. Клубтың белді мүшесі, әнші-сазгер Амангелді Ахметжанов пен кітапханашы Олег Лебедов та тартысты ойын көрсете білді.
Қызықты ойынмен қатар, орайлы ой айтылған бұл турнирде жүлделі 1-орынды А. Жанғожин иеленсе, А. Мырзахмет 2-орынды қанағат тұтты. Ұлағатты ұстаздар Ә. Құтжанұлы мен С. Такиров 3-орынды өзара бөліссе, қалған барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Әсерлі әңгіме мен әдемі ойын көрсеткен барлық сайыскерлер мұндай игі шараны дәстүрге айналдыру қажет деген ұсыныс айтып тарқасты.