БиылТүркістаннан Түркияға, Түркиядан Балқан аймағына Ислам дінінің жайылуына тікелей себепкер болған ұлы ғұлама, әулие ҚожаАхмет Ясауидің 850 жылдық мерейтойы кеңінен аталынып отыр.
Қожа Ахмет Ясауи қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айырықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзиясының негізін салушы, барлық күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы, ойшыл, діни қайраткер. Осыған орай, ЮНЕСКО 2016 жылды "Ясауи жылы" деп жариялады. Яғни, жыл бойы ұлы ғұламаның өмірбаяны мен діни еңбектері, жалпы шығармалары көпшілікке насихатталатын болады.
Ұлы ғұламаның өмірі мен еңбектерін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында, кітапханамызда "Ясауи мұрасы – мәңгілік мұра" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Бұл көрмеде Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен іліміне қатысты кітаптар топтастырылып, оқырман қауымға ұсынылған. "Диуани хикмет" = "Ақыл кітабының" бірнеше рет өңделген басылымдары, "Хикмет", "Рисалда дар адаби тариқат" кітабының аудармалары мен данышпан туралы бірқатар еңбектер және XIX ғасырдан жеткен киелі кесене мен Түркістан қаласының көріністері жайлы сыр шертетін көркем суретті кітаптар да орын алған. "Диуани хикметтен" қазақ халқының ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады.
XIV ғасырдың аяғында Түркістанда атақты Ақсақ Темір Қожа Ахмет Ясауидің басына күмбез орнатқан. Кесене 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында дүние жүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Мазарда отызға жуық мешіт, кітапхана, залдар бар. Кесененің сыртқы және ішкі көрінісі, атақты тайқазан және шығыс моншасы туралы деректерді біздің көрмеден таба аласыздар.
Мерзімді басылымдар беттерінде де Ясауи мұралары кеңінен насихатталып, көптеген ғылыми зерттеу ғылыми мақалалар жарық көрген. Соның бірі, "Мәдени мұра" журналының 2016 жылғы № 4 санында жарияланған философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетайдың "Ясауи мұрасының қазақ мұсылмандығындағы орны" атты мақаласы. Бұл мақалада Ясауи ілімі, ол түлеткен өркениет орталығы, түркі ислам мәдениеті мен ғылымы тоғыз ғасырдан бері адамзатқа қызмет етіп келеді. Қазіргі жаһандық діни танымдық мәннің ең озық тәжірибесі – адамға, Жаратушыға, мынау әлемге деген махаббат. Сол махаббат пен сүйіспеншілікті ең басты құндылық ретінде дәріптеуші де осы Ясауи мұрасы екендігін айтып кеткен.
Көрнекі ғалым Р. Бердібаев "Ахмет Ясауи хикметтерінің ойы қаншалық терең, әлеуметтік талдау құлашы кең екенін, оның қашан да қарапайым халықтың жоқшысы болғанын сан тараптан көруге болады. Оқып алған білімді тек жеке басының қажетіне ғана жаратып, жағымпаздық пен жалған сөйлеуді салтқа айналдырғандарды ақын сын отымен қарығысы келеді" - деген. Яғни әрбір адам алған білімін өз кәдесіне ғана жаратпай, оны келесі біреуге үйретіп, қоғамға пайдасын тигізуі керек. Сонда ғана ол нағыз данышпан болып есептеледі.
Құрметті оқырман қауым, түркі халқына ортақ болған Қожа Ахмет Ясауи мұраларымен танысамын десеңіздер біздің кітапханамызға келіңіздер!