Биыл 1916 жылғы ұлт - азаттық көтеріліске 100 жыл толып отыр. Осы атаулы күнге орай кітапханада "1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс: оқиғалар мен батырлар" атты көрме ұйымдастырылды.

Тарихтан белгілі бірінші дүниежүзілік соғыстың лебі қазақ халқын да шарпымай қоймады. Екінші Николай патшаның Қазақстанның, Орталық Азияның және ішінара Сібірден 19 жаспен 43 жас аралығындағы "бұратана" ер азаматтарын тыл жұмыстарына алу жарлығы елде ашу-ыза тудырып, жер-жердегі қарулы қақтығыс ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты.

Көрмедегі құнды әдебиеттер мен мерзімдік басылымдар сол қилы замандағы қара халықтың өмірі мен азаттыққа ұмтылған асыл армандары жайлы баяндайды. Сондай-ақ, әр жердегі көтерілісшілерді ұйымдастырған жасақ басшылары А.Иманов, Ә.Жанкелдин, С.Меңдешов, Ә.Әйтиев, Ж.Мыңбаев, Т.Бокин, Е.Әшекеев, Т.Рысқұлов сияқты қайта тумас хас батырлар туралы деректер мен тың жазбалар да көрмеге қойылған.

Алаш зиялыларының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы хақындағы ойлары, қысылтаяң шақтағы әрекеттері мен үндеулерін де осы көрмедегі әдебиеттерден таба аласыздар.

Құрметті оқырман! Тарихтан тағылым алып, тәуелсіздігіміздің тамырына бойлауға кітапхана төріне шақырамыз!