Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Осы датаға орай кітапханада қазақ халқының қайғы-қасіретке толы сол бір кезеңін қамтитын "Қасірет және естелік" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде осындай қатігез уақыттың бедерін көрсететін Қ.Сәрсекеевтің "Отыз жетінші жыл", А.Тасымбековтың "Жан дауысы" Т.Құлыястың "Қырғын", Т.Кәкішевтің "Қазақ зиялылары", "Азалы кітап" көп томдығы сынды кітаптар топтастырылған. Сондай – ақ сол кезеңдегі жазықсыз сотталғандарды тоғытқан "Алжир", "Карлаг" т.б түзету лагерлері жайлы толық мағлұмат беретін таңдаулы әдебиеттер де ұсынылған.
Сұрқия заманның, сұр жылан саясаттың астарын әшкерелейтін, қолдан жасалған аштықтың зардабынан қара халықтың қырылғаны, "халық жауы" деген айып тағылып, арманда атылып кеткен Алаш зиялылары туралы әңгімелейтін мерзімдік басылымдар да көрмеден тыс қалған жоқ.
Құрметті оқырман! Орны толмас қасіретке душар болған халқымыздың өткен тарихынан тағылым алып, тағзым ету әрбір азаматтың парызы.
Кітапханаға келіп, тарих беттеріне үңілуге шақырамыз.