Сұрапылдығымен төрткүл дүниені қамтыған екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысында Совет армиясының жеңіске жеткеніне биыл 9 мамырда 71 жыл толады. Осы Ұлы Жеңістің құрметіне кітапханада «Жеңіс күні – мәңгі есте сақталады» атты кітап көрмесі ашылды.
Көрменің мақсаты – Жеңіс күнін ардақтау, қан майданда Отан үшін кеудесін оққа тосқан қаһармандарымыздың есімдерін ұлықтау. Өскелең ұрпаққа хас батырлардың ерліктерін, Отанға деген адалдықтарын үлгі ету.
Жеңіс күні – бұл ерлік пен әскери даңқ, елдің бірлігі мен ынтымағы салтанат құратын сәт. Бұл күн – Ұлы Жеңіс жолында парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай жауға қарсы тұрған, қайсар мінез батырларымыз бен тылда тынымсыз еңбек еткен асыл жандардың ерен ерлігінің, биік рухының өшпес дәлелі ретінде әрқашан біздің жүрегімізде.
Кітапхана қорында Ұлы Отан соғысы жайлы Жеңісті ұлықтайтын және жанқиярлықпен ерлік көрсеткен батырларымызға арналған әдебиеттер өте көп. Соның ішінде ең таңдаулыларын көрмеде көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Аты аңызға айналған Б.Момышұлы, Рейхстакқа ту тіккен Р.Қошқарбаев, шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүк, жерлес қаһарманымыз Н.Әбдіров тағы да басқа соғыс және тыл ардагерлерінің өмірі мен ерен ерліктері туралы баян ететін бағалы кітаптар көрмеден орын тепкен.
Сондай – ақ, мерзімдік басылым беттеріне жарияланған майдан жырлары, соғыс ардагерлеріне арналған мақалалар да көрме құндылығын арттыра түскен.
Құрметті көпшілік қауым! Жеңіс даңқын асқақтатқан, тәрбиелік мәні зор кітап көрмесін тамашалауға кітапханаға келіңіздер. Батыр бабаларымыздың қайсар мінезі мен ерлік істері жайлы сыр шертетін құнды кітаптар өз оқырманын күтуде.
Ұлы Жеңіс даңқы мәңгілік жасасын!