"Дін – ғылымның атасы" - деп бекер айтпаса керек. Бұл тіркестің ислам дініне тікелей қатысы бар. Кешегі Қараханит дәуірінен бүгінгі таңға дейін қазақ атымен біте қайнасқан ислам дінінің берері мол.

Қазіргі қазақи қоғамға ислами тұрғыдан айтар өсиет, берер тағылым ауадай қажет. Соның бірі деп кітапханамызда наурыз айының 18 жұлдызы жұма күні "Ислам және зайырлы қоғам" атымен өткен кездесуді айта аламыз. Аталмыш жиынға №1 мешіттің наиб имамы Ермахан Оралбай, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедқали Әбдуов және конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығының инспекторы Мустафаев Мұрат қатысты. Кездесуде Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ мен ҚарМТУ студенттері мен кітапханашылардың басы қосылды.

Шағын аудиторияның шамасын аспандатқан бұл жүздесудің ерекшелігі – ислам әдебиеттерімен танылған көрмесінде болды. Мұнда Құраннан бастап, исламның дамуы, таралымы, исламдағы әйел мен баланың рөлі және ислам дінінің мерекелері атап көрсетілген әдебиеттер жиналған қауым назарына ұсынылды. Оның ішінде кітапханаға Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сыйға тартқан Құран Кәрім кітабының екі тілдегі нұсқасы да бар еді.

Алғаш болып сөз алған №1 мешіттің наиб имамы Оралбай Ермахан исламның құндылығы жайлы сөз қозғады. Ол ислам діні тазалыққа, мейірімділікке және бейбітшілікке шақырар уәжсіз һәм көлеңкесіз нұрлы дін екенін жеткізді. Осы сәтте экранда "Адасқандар" атты бейнеролик берілді. Онда шынайы исламды тани алмай шалыс басқан пенденің бейнесі сомдалды. Келесі болып сөз кезегін алған Е.А. Бөкетов атындағы филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедқали Әбдуов Абайды тілге тиек етіп, исламға тек діни тұрғыдан ғана емес, өзге қырынан да назар салып көруді сұрады. Ол исламды тұрмыспен, салт-дәстүрмен байланыстыра отырып, мұсылманның ұстанған ұстанымы туралы өз ойын қарапайым тілмен көпшілікке былай деп жеткізді.

– "Бүгінгі кездесу "Ислам және зайырлы қоғам" атауымен өтіп жатыр. Алдымен, зайырлы деген өте саналы қоғам деген сөз. Әр адам баласына Аллах шектеуімен ақыл сана береді. Қандай істі бастамас бұрын алдымен ақылға салып, оны жүйелеген жөн. Одан соң әрекетке көшу бұл парасатты адамның ісі. Адамның өмір жолы тап бір парақ қағаз тәрізді. Бір жағы кіршіксіз таза, екіншісі шұбар ала болу мүмкін. Әр кісінің тағдыры сөзсіз маңдайына жазылған. Десек те, сол жазылған тағдырға екі жолдың қайсысы апарады. Соқтықпалы соқпақсыз бірақ дұрыс жол немесе тегісте болса тайғанақ түбі түн бұрыс жол".

Ислам туралы анық ақпаратқа, тұшымды ойға қанық болған көпшілік бұл кездесуден өмірлік азық алды десек артық емес. Адамның амалын діннің аясында айқындар болсақ осы. Көңілдің кірі жылысаң тазарады демекші, әр адамның ой қарымы әрекет барысында ұшталары даусыз. Ендеше нағыз исламнан, нағыз тазалықтан адаспайық Ассалямуалейкум Уә Рахметулла Уә Бәрәкәту, ағайын!

Толығырақ бейнематериалда