[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/news/2016_100let_Habiba is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.
2016 жылдың айтулы мерейтойы – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл шара осы жылы өтетін барлық мереке-мейрамның салмағын, мәнін арттыра түспек. Қазақстан Республикасы Елбасы Жарлығымен биыл бірінші рет 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. Осынау кең-байтақ жерімізді мекендеген барша ұлттар мен ұлыстар қиын да күрделі кезеңде, ел сынақтан өткен ауыр уақыттарда бір-біріне демеу болғаны үшін, татулық пен достықты алдыңғы қатарға қойып, тыныш заман, бейбіт өмірде ғұмыр кешіп жатқандарына алғыс білдіріп, шынайы лебіздерін жеткізетін күн. Сонымен қоса, Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында, жерлесіміз қазақ өнерінің анасы атанған аяулы жан Хабиба Елебекованың 100 жылдық мерейтойына арналған "Асыл ана – Ғасыр ана" атты кеш өтті. Осынау өнер иесіне дарын жағынан да, актерлық ғұмырына да тең келер ешкім жоқ. Мерейтой иесінің өмірі мәнді де мағыналы, қай қырынан алсақ та көпке үлгі боларлық.
100 жылдық мерейтойын тойлай отырып, Хабиба апайды қазақ театр өнерінің құрдасы деп айта аламыз. Ол 80 жылдан артық ғұмырын өнеріміздің киелі ордасы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр сахнасына арнаған өнер иесі. Драма театрының бүгінгі жеткен шыңы - Хабиба Елебекова сынды сахнагерлердің төккен тер, жасаған еңбектерінің арқасы. Аталған театрмен бірге жасап келе жатқан, бүгінгі таңда қазақ сахнасының анасына айналған актрисаның кейінгі ұрпағына айтар әңгімесі мол.
Хабиба Елебекованың сахнада жасаған бейнелерін көрген, ғасыр жасаған қазақтың аяулы қызының өнерінің куәсі болған, өздері де еліміздің өнер саласын дамытуға үлес қосып жүрген мәдениет саласының үздіктері мерейтой иесі мен театр өнері жайлы әңгімелеп беру үшін кешімізге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері, Қарқаралы ауданының құрметті азаматы, ұзақ жылдар Арқа өңірінің мәдениетін басқарған, өнеріміздің дамып-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсап келе жатқан Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова қатысты. Сонымен қатар, С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актеры, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты К. Н. Жұмабеков саналы ғұмырын театрға арнаған, Хабиба Елебекованың мәнді де, мағыналы ғұмырынан, шығармашылығынан сыр шертіп, әсерлі, жан тебірентер жылы естеліктер айтты. Осы театрдың жас актрисасы Мадина Матамова "Әйел махаббаты" спектаклінен үзінді оқыды. Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері, Ж. Елебеков атындағы республикалық конкурстардың лауреаттары Медет Осатаев пен Дулат Аханов Жүсіпбек Елебеков репертуарынан әуезді ән шырқады. Қарқаралы ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің орталық кітапханасымен онлайн байланыс орнатылып, Қарқаралы ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Р. Жылтыбаева тікелей байланыс арқылы Хабиба Елебекованың өнегелі өмірінен баяндама жасады. Қарқаралы өңірі шын дарындар мекені. Қасиетті де киелі Қарқаралының аяулы ұлдары Мәди, Жүсіпбек ән өнерінің асқар тауларына айналса, ерке қыздары Хабиба, Шолпандар театр өнерінің жарық жұлдызы болып жанды. Қазақ өнерінің кәсіби деңгейде қалыптасып, биік шыңға жетуіне аты аталған азаматтарымыздың еңбегі өте зор. Баяндама барысында Р. Жылтыбаева Хабиба апаның туған ауылы, туған жері жайлы, балғын балалық шағы мен жастық шағына кеңінен тоқталды.
{gallery}material/news/2016_100let_Habiba{/gallery}
Оқырмандар назарына Хабиба Елебекова шығармашылығына арналған кітап көрмесі қойылып, театрдағы және кинодағы сомдаған рольдерінен фотоальбом, замандастары мен өнертанушылар жазған естеліктер мен өмірбаяны, актриса өзі қалам тербеген кітаптар оқырмандарға таныстырылды. "Өмір. Театр. Кино" атты фильм көрсетілді. Оқырмандар атақты жерлестерінің сәулелі ғұмырымен кеңінен танысып, мол ақпарат алды.