Кітапханада еліміздегі ұлттар татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтеретін ерекше мереке – "1 наурыз - Алғыс айту күні" аясында кітап көрмесі ашылды.
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сесиясында сөйлеген сөзінде: "Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді", - деген болатын.
Ассамблеяның құрылған күні және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл мерекенің еліміздегі ұлттардың біртұтастығы мен татулығы үшін мәні зор. Бірлігі болмаған елдің қашанда ғұмыры қысқа болады. Бүгінде халқымыз ымырашылдық пен достықтың арқасында бейбітшіліктің байрағын биікке көтеріп отыр.
Кітап көрмесінің мақсаты – "1 наурыз – Алғыс айту күнін" негізге ала отырып, Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқан ұлттардың бірлігі мен ынтымағын, достығы мен татулығын және Елбасының ұлтаралық бірлестік пен қоғамдық келісім жолында құрған идеяларын оқырман қауымға кітап арқылы насихаттау.
Көрмеде қазақ халқы мен қазақ жерін мекендейтін әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрі, әдеп - ғұрпы, басқа да ұлттық құндылықтарын көрсететін кітаптар ұсынылған.
Сондай – ақ, ұлттардың киім үлгілері мен өздеріне тән ұлттық өнерлерінен көрініс беретін фотоальбомдар да оқырман қауымға ұнары сөзсіз.
2015 жылдың аяғында Қарағанды қаласында сәні мен салтанаты келіскен "Достық сарайы" ашылған болатын. "Бірліктің бірегей ордасы", "1 наурыз - Алғыс айту күні" туралы егжей-тегжейлі жергілікті қаламгерлеріміздің жазған мақалалары да көрмеден тыс қалған жоқ.
Көрмеде ұсынылған материалдар көп ұлтты халқымыздың бүгінгі жарқын өмірге ұйымшылдық пен адал достықтың арқасында жеткендігіміздің айғағы.
Құрметті оқырман! Достық пен мейрімнің лебі ескен кітап көрмесінің куәгері болыңыз.
Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймыз. Достығымыз бен бірлігіміз жарасқан іргелі еліміз гүлдене берсін!