10 желтоқсан күні кітапханада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күніне орай "Қазақстан Тәуелсіздігі – халық игілігі = Независимость Казахстана – народное достояние" атты танымдық ойын өтті.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан халқы тәуелсіздігін алып, өз алдына жеке мемлекет болды. Содан бері еліміздің шаң баса бастаған тілі, діні, ұлттық рухы қайта түлеп, жаңа заманға қанат қақты. Әрине, мұндай серпіліс ата-бабаларымыздың төккен тері мен жасаған ерлік істерінің жемісі.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні - халықтыңең басты,  ең ұлы мерекесі. Осы атаулы күнге орай жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде  мерекелік кештер, салтанатты жиындар өтіп жатады. Біздің кітапханада өткен танымдық ойын да осы қасиетті Тәуелсіздік күніне арналған. Шараның мақсаты – жастарға Тәуелсіз Қазақстанның негізгі даму жолы мен тәуелсіз мемлекеттің тарихи дамуында маңызды роль атқарған белгілі қайраткерлер жайлы және ұлттық біртұтастылықты қалыптастыру туралы білімдерін тереңдетуді негізге ала отырып, патриоттық тәрбие беру.

Сайысқа Қарағанды қаласындағы оқу орындарында оқитын студент жастардан құралған алты топ қатысты. Сайыскерлер "Тәуелсіздік тарихы", "Ұлт айнасы", "Сүйікті қалам – Қарағанды", Қазақ Хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейлі 70 жылдығы мен Ата Заңымыз – Конституцияның 20 жылдығы тақырыптары бойынша білген-түйгендерін ортаға салды. Жарыс барысында жастарымыз өз білімдерімен, ұшқыр қиялдарымен Тәуелсіз Қазақстанның сан биікті бағындыратын келешек қырандарындай көрінді.

Шабанбай Айзат, Григорян Амик, Аман Дана сияқты әнші жастар "Қазақ елі", "Туған жер", "Атамекен" патриоттық әндерімен кеш көркін әрлендіре түсті.

Ойын барысында еліміздің  тәуелсіздік жылдарындағы қарыштап дамуы жайлы деректі фильмдер көрсетілді. Жедел дамып келе жатқан егемен елдің Тұңғыш Президенті, көреген көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың есімі осы Тәуелсіздікпен тығыз байланысты екені баршаға мәлім. Мерекелік кешке келген жанкүйерлермен "Тұңғыш Президент жайлы не білесің" атты сұрақ-жауап сергіту сәті өтті. Бұл тұста да жастар ел өміріне бей-жай қарамайтындарын білдіріп, жарыса жауап беріп отырды.

Сайысты басынан бақылап, қадағалап отырған әділ-қазылар алқасы ойынның жоғары деңгейде өткенін, қатысушылардың қарым-қабілетінің де осал болмағанын аса ризашылықпен атап өтті. Әрине, жарыс болғаннан кейін жеңіс те, жеңіліс те болады. Әр топтың білімдеріне, жинаған ұпайларына қарай орындарын жариялады.

Көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледжінің "Сұңқар", Фемида заң колледжінің  "Болашақ" және Қарағанды коммерциялық колледжінен келген "Алаш" топтарына сайысқа белсене қатысқаны үшін Мадақтама қағазы беріліп, ынталандыру сыйлықтары үлестірілді. Үшінші орынды Қарағанды маңызды білім беретін "Болашақ" колледжінің "Қырандар" тобы , екінші орынды  Шет тілдер колледжінің  "Тәуелсіздік қызғалдақтары" тобы, ал бірінші орынды шашасына шаң жұқтырмай алға суырылып шыққан Фемида заң колледжінің "Жеті жарғы" тобы иеленді. Әбдіхалықов Данияр бастаған бұл топтың жастары сөзге де, ойға да жүйрік екен. Жеңімпаз топтарға диплом табысталып, шараның өтуіне қолдау көрсеткен "Сарыжайлау", "Ленин" және "Kinoplexx" кинотеатрларында көрсетілетін фильмдерге билеттер тарту етілді. 

Толығырақ бейнематериалда