1 – желтоқсан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күніне орай кітапханада "Тарих толқынында" тақырыбында медиа-сабақ өтті.
Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен 20 жылдан астам уақыт ішінде буыны енді беки бастаған ел әлемдік деңгейдегі алпауыт мемлекеттермен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын жер жаhанға паш етті. Әрине, еліміз толағай табыстарға жетіп, әлемге танылып, қазіргі таңда бейбіт өмір сүріп жатқаны тәуелсіздік үшін күресіп өткен ата-бабаларымыздың, одан кейін кемеңгер көшбасшымыз Н.Ә. Назарбаевтың салиқалы саясаты мен көрегенділігінің және халқымыздың ынтымақ, бірлігінің арқасында. Ауқымды шаралардың басы-қасында жүрген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еліне сіңіріп жатқан еңбегі ерен екені барша жұртқа мәлім.
2011 жылы 14 желтоқсанда мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда 1-желтоқсанда аталып өтілетін жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген болатын. Яғни, елімізде 2012 жылдан бастап "1- желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні" кеңінен аталады.
Осы айтулы күнге орай кітапханамызда өткен медиа-сабақтың аясында "Егемен елдің көреген көсемі"атты кітап көрмесінің тұсаукесері өтті. Бұл шаралардың басты мақсаты – Қазақстанның кемеңгер көшбасшысы, Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы, салиқалы саясаты, жемісті еңбектері туралы оқырман қауымға, кейінгі өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау.
Көрмеге Елбасының жалпы өмір баспалдақтары, туып-өскен жері Шамалғанның сұлу табиғаты мен тарихы жайлы сыр шертетін кітаптар тәптіштеп жинақталды. Сондай-ақ, Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары, еліміздің дамуында үлкен серпіліс жасаған "Қазақстан-2030", "Қазақстан-2050" Стратегиялары, "Мәңгілік Ел" сынды Қазақстанның өркендеуі үшін құнды құжат болып табылатын әдебиеттер мен тәуелсіздік жылдарында еліміздің жеткен толағай табыстарын көрсететін еңбектер ұсынылды.
Көрменің таныстырылуы №93 гимназиядан келген оқушылар мен ұстаздар қауымына екі тілде өтті. Көрсетілім соңында "Тұңғыш" кинофильмінен үзінді көрсетіліп, оқушыларға Елбасының өмір жолы бойынша дайындалған викторинаралық сұрақтар ұсынылды. Ал кітапханадағы ақпараттық-сервистік қызмет көрсету секторының мамандары жиналған қауымды Қазақстан Республикасы Президентінің Akorda.kz ресми порталымен таныстырып, шолу жасады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін тойлау – Елбасымыздың ерен еңбегіне деген үлкен құрмет. Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтаймыз!