Өткен мен бүгінді сабақтастырып, мәдени әрі рухани құндылықтарымызды насихаттау мақсатында кітапханамызда "Халық рухының қанаты" атты әдеби музыкалық кеш өткен болатын. Алтын мұрамызды сақтап, болашаққа жеткізу жолындағы ізгі шараның бастапқы бөлімі Абай Құнанбайұлының 170 жылдық, Мәди Бәпиұлының 135 жылдық, Шәмші Қалдаяқовтың 85 жылдық мерейтойына арналып, екінші бөлім қазір ортамызда жүрген, өнердің биік белестерін бағындырған мамандардың шығармашылығымен жалғасты. Слайд презентация дайындалып, келген оқырмандарға көрсетілді.
Кеш қонақтары Қарағанды гуманитарлық колледжінің аға ұстазы Р.Қадірберлина Абай әндеріндегі лирика жайлы баяндап, колледж студенттері Абай әндерін орындады. Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртісі Р.Кәрібжанова Мәди Бәпиұлының шығармаларын, оның шетелдік гастрольдерде орындалатын әндерін талдап, бүгінгі таңда халыққа қандай дәрежеде насихатталып жүргенімен бөлісті. Қ.Байжанов атындағы КБ дәстүрлі әншісі, Республикалық конкурстар лауреаты М.Осатаевтың орындауындағы Мәдидің "Қаракесек" әнін келген қонақтар ыстық ықыласпен қабыл алды. Республикалық конкурсттың лауреаты А.Жүкенова өзінің "Шәмші әндері" атты халықаралық конкурсқа қатысқанда орындаған әндерін келген оқырмандарға тарту етті.
Биыл 60 жылдық мерейтойларын атап өткен, Қарағанды облысының мәдениет қайраткерлері, саф алтындай өнерді биік дәрежеде, кәсіби тұрғыда әспеттеп жүрген, Қ.Байжанов атындағы КБ дирижері Ә.Шоқанбаев пен композитор, ақын, продюсер Л.Мельникова кешіміздің құрметті қонақтары болды. Ә. Шоқанбаев Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері - өз шәкірттерімен келіп, өнерлерін ортаға салды. Және дирижер мамандығы жайлы, қиындығы мен қуанышы жайлы сыр бөлісті. Л. Мельникова өнердегі өмірінен естеліктер айтып, шәкіртімен Қарағанды жайлы жазылған әндерін орындады.
Арқа елімен бір тыныста өмір сүріп, халықпен бар қуанышын бөлісіп келе жатқан киелі өнер ордасы К.С.Станиславский театры биыл өзінің 85 маусымын өткізуде. Жылы естеліктерге толы, әсерлі кездесуді К.С.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрының актрисасы, мәдениет қайраткері, сахнаға 52 жылын арнаған өнер майталманы Т. Федоренко театр жайлы көңіл толқытар әңгімесімен түйіндеді.