Кітапханамызда Міржақып Дулатұлының 130 жылдық мерейтойына арналған "Алаштың шынары" атты әдеби танымдық кеш өтті. Кешке Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің "Тұлғатану" ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Ахметқызы, "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері, ұстаздар, студенттер және мектеп оқушылары қатысты.

"М.Дулатұлының тағдыры 1916 жылы өзінің алапат-дауылымен тарих бетінде қалған Ұлт-азаттық көтерілісімен тұспа-тұс келді. Бұл кезең әрбір қазақ баласы үшін ауыр кезең еді. Міржақып - А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханмен танысып, солармен тізе қосып қаймана қазақ халқы үшін аянбай еңбек етті. "Оян, қазақ!" атты рухты жырларға толы жыр жинағы қолдан-қолға тарап, ел еңсесін тіктей бастады. "Азамат", "Терме" жыр жинақтары, "Бақытсыз Жамал" романы, "Балқия" пъесасы және т.б шығармалары осы кезеңде жарыққа шығып, ақынның есімін күллі алаш білді. Ол халықты таза дін жолымен жүріп, білім алуға, еңбек етуге шақырды. Абай шығармашылығы жайлы алғашқылардан болып "Біз Абайдаң қанша алыстаған сайын, сонша рухымен жақындай түсеміз" деген жалынды өлмес өзегі бар мақала жазды. Осындай әділдігімен көзге түсіп, Кеңес үкіметі тарапынан қудалауға ұшырады. Соңында "Халық жауы" - деген айып тағылып репрессияға ұшырады." - деді өз сөзінде Н. Ахметқызы.

КСГТ коледжінің студенттері Х.Айжан ақынның өлеңін жатқа оқыса, С.Нұрболсын ақын рухына арнаған өз өлеңін оқыды. №36 мектептің оқушылары да ақын өлеңін жатқа оқып, зерделі екендіктерін көрсетті. №21 орта мектептің 8-сынып оқушылары "Бақытсыз Жамал" романынан үзінді монолог оқып, "Балқия" пъесасынан сахналық көрініс көрсетті. Тәттімбет коледжінің студенті Қ.Төкенов әуелетіп ән айтса, "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері жырдан шашу шашты. Кешке қатысқан студенттер үшін викторина ұсынылды. Ұйымдастырушылар тарапынан "Алаштың шынары" атты кітап көрмесі бойынша шолу жасалды.